Қарлы боран салдарынан Қызылорда облысының Арал ауданынан 20 шақырым қашықтықтан Ақтөбе бағытына қарай республикалық маңызы бар автожолдар жабық. Бүгінгі күні Ақтөбе облысына бағыт алған барлығы 807 автокөлік және 1200-ге жуық жолаушы жақын маңдағы жылыту пункттеріне жеткізілген. Қазіргі таңда жолдың жабық болуына байланысты арнайы штаб құрылған. Жергілікті ерікті жастар, мекемелер және кәсіпкерлердің ұйымдастыруымен жолаушыларға тегін ыстық тамақ таратылуда. Сонымен қатар, баласы бар 49 әйел және 16 ер адам колледж жатақханасына орналастырылды.
Полиция қызметкерлері автожолдарда тәулік бойы күшейтілген режимде қызмет атқаруды жалғастыруда. Полиция құтқарушылармен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, көмек беру жұмыстарын үздіксіз жүргізуде. Қызылорда облысының Полиция департаменті тұрғындарды қолайсыз ауа - райы жағдайын ескеріп, алыс жолға шықпауларын сұрайды.