Құлсарылықтар осымен  үшінші күн қатарынан алаңда отыр. Екі айдан бері қаңғып жүрміз деген тұрғындар биліктен үй мәселесін оң шешіп беруін сұрайды. Халық суға кеткен баспаналарының әр шаршы метріне 400 мыңнан төленсін және ол ақша қолға берілсін деген талап қоюда. Жауапты атқа мінерлер алаңға шыққандармен ымыраға келуге тырысуда. 

Осыдан екі бұрын әкімдіктің алдына жиналған халық әлі тарқамаған. Түнімен осы жерде түнеп, талаптарын билікке жеткізуде. Жалпы саны мыңнан аса тұрғын, талабымыз орындалмаса, ешқайда кетпейміз деп бекініп отыр. 

ЗӘУРЕШ   Құлсары қаласының тұрғыны:
«Бес адам тұрамыз бір үйде. Көмек тек қана Үкіметтен 369 мың шықты. Оны да айқаймен әрең алдық. Басқа көмек жоқ. Баратын жеріміз жоқ. Қырық бөлікке бөлініп жүрміз. Киім-кешек жоқ. Отырысымыз мынау. Ауырамыз, қан қысымым көтеріледі. Үш күн болды қонып жатырмыз». 

Облыс басшысы Серік Шәпкенов алаңға шыққандармен кездесті. Әкім халықты сабырға шақырды. Үйге төленетін өтемақы заң аясында төленеді деді. 

СЕРІК ШАПКЕНОВ АТЫРАУ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
«Бес саусақ бірдей болмайды дегендей оның барлығын еспетйді. 120 шаршы метрлік үй. Біреуінде бес есік, біреуінде үш есік. Есептегенде бес есік пен үш есік құнын есептеу керек. Барлығы бірдей болу мүмкін емес. Шаршы метр мынандай дегендей». 

Айта кетейік, қазіргі уақытта комиссия 2 940 өтінішті қабылдап, 2 624 үй бойынша бағалау, ал 2 671 үйге техникалық тексеруді бастаған. Оның ішінен 756 үй апатты жағдайда деп танылыпты. 100-ден астам тұрғын бағалау қорытындысымен танысып, өтемақы сомасына келіскен. Бағалау мамандары болса үздіксіз, тәулік бойы жұмыс істейді.