Су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға мүмкіндігінше тезірек қалыпты өмірге оралуларына жағдай жасаймыз. Бүгін үкімет үйінде өткен отырыста Премьер-Министр Олжас Бектенов осылай деді. Сондай-ақ, Үкімет басшысы барлық жауапты министрлер мен жергілікті атқарушы билікке өтемақы төлеуді тездетіп аяқтауды тапсырды. Одан бөлек, бүгін министрлер кабинеті елдегі туризмді дамыту мәселесін де талқылады. Бұл салада да жағдай мәз емес. Туристер саны жыл санап артқанымен, баяғыша сервис, сапа, жол, сын көтермейді.
Су тасқыны қаупі әлі де сейілген жоқ. Әсересе, елдің батысында жағдай мәз емес. Индербор және Махамбет елді-мекендерін ерекше бақылауға алу қажет деді Олжас Бектенов. Өңірлерде тасқын кесірінен жол бұзылып, облыс және аудан орталығынан байланыссыз қалып, көлік жете алмай отырған елді-мекендер әлі де бар.
ҚАНАТ БОЗЫМБАЕВ ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРДІҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Еліміздің 8 өңірінде жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай режимі сақталып отыр. Екі елді мекен (Ақтөбе облысы) әлі де көлік қатынасынсыз. Олар азық-түлікпен және дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етілген. Тиісті қызметтер жергілікті жерлерде жедел дезинфекциялық іс-шаралар жүргізіп жатыр».
ОЛЖАС БЕКТЕНОВ ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ: «Ақтөбе облысында 2 елді мекенде әлі күнге дейін көлік қатынасы жоқ. Онда азық-түлік пен дәрі-дәрмектердің болуын мұқият бақылауға алу керек. Электр жарығынсыз отырған ауылдар да бар. Жөндеу жұмыстарын тездету керек.Сондай-ақ су тасқыны жағдайы тұрақталған өңірлерде әкімдіктер бағалау және жобалау жұмыстарын күшейтуге тиіс. Келтірілген залалды өтеу, оның ішінде үйлер мен инфрақұрылымды қалпына келтіру жөніндегі барлық шаралар белгіленген мерзімде іске асырылуы қажет. Біз зардап шеккен тұрғындардың мүмкіндігінше тезірек қалыпты өмірге қайта оралуын қамтамасыз етуіміз керек».
Су тасқынынан бүлінген үйлер шығыны келесі аптада белгілі болады. Елімізде 13 мыңға жуық үйді су басқан. Ал, бірреттік төленетін төлемді 20600 отбасы алған. Оларға 100 айлық есептік көрсеткіш яғни 369 мың 200 теңге көлемінде ақша төленген. Одан бөлек, бүгін министрлер кабинеті елдегі туризм мәселесін көтерді. Бұл салаға айтылар сын да мін де көп. Қызмет көрсету сапасы мен демалыс аймағына апаратын шұрық тесік жол және тек ақшаны көксеген таксишілер туралы айтылды. Сондықтан, үкімет башысы жауаптыларға осы проблемаларды реттеуді тапсырды.
ОЛЖАС БЕКТЕНОВ ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:« Дәл осындай көзқарас еліміздің туристік имиджіне нұқсан келтіреді. Әуежайдан шыққан шетелдік турист бірден ақшаға құныққан такси жүргізушілеріне кезігеді. Олардың ойлағаны қонақты баратын жеріне қауіпсіз жеткізу емес, барынша қомақты ақша алып қалу. Вокзалдар мен әуежайларда өркениетті көлік түрімен қамтамасыз ету туралы әкімдіктерге қанша рет тапсырылды, бірақ әлі күнге дейін нәтиже жоқ. Біз мұндай тәсілдерді өзгертпейінше, сыртқы туризм кеңінен танымал болып қала береді. Бұл ретте, Қазақстанның табиғаты мен әсем жерлері елімізде экологиялық, мәдени, зиярат ету және емдік-сауықтыру туризмін дамытуға зор мүмкіндік береді».
Айтпақшы, биыл елімізде жаз ыстық болады деп болжанады. Әсіресе, Батыс пен Шығыста аптап ыстық ұзақ сақталуы мүмкін. Яки, құрғақшылық пен өрт болу қаупі жоғары. Сондықтан, Олжас Бектенов мұндай аймақтарға қосымша бақылау бекеттерін қоюды тапсырды.