Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-міз еліміздегі жоғары білім саласында ғана көшбасы емес, сонымен қатар шетелдік алдыңғы қатарлы университетермен байланыс орнатуда да алда келеді.
Қазіргі таңда біздің университетіміз ғылым жолындағы жастарға жасап отырған мүмкіндігі өте көп. Сондай мүмкіндіктің бірі ретінде PhD докторанттарының шетелдік ғылыми тағылымдамадан өтуін атай аламыз. Шетелдік ғылыми ортамен танысып, тәжірибе алмасу, шетелдік мамандардан бағыт-бағдар, кеңес алу – бұл өте құнды тәжірибе.
Осындай екі жақты іскерлік байланыс орнатып келе жатқан университетеріміздің бірі – Босфор университеті (Boğaziçi Üniversitesi).
Түркияның беделді оқу орындарының бірі саналатын Босфор университетінің Қоршаған орта туралы ғылымдар институтымен (Institute of Environmental Science) бірнеше жылдан бері PhD докторанттарды дайындауда бірлесіп жұмыс атқарып келеміз. Аталған инсититут ғалымдары біздің география және табиғатты пайдалану факультетінің, соның ішінде Тұрақты даму бойынша ЮНЕСКО кафедрасының PhD докторанттарына дәріс оқып, ғылыми жетекшілік етіп келеді.
Қоршаған орта туралы ғылымдар институтының (Institute of Environmental Science) құрылғанына жарты ғасырға жуықтаған. Зерттеу базасы жаңа. Институт 1982 жылы инженерлік мектептегі қоршаған ортаны зерттеу тобын кеңейту және қайта құру бағытында жаңадан жасақталған. Қазіргі таңда бұл білім ордасы Түркиядағы заң негізінде құрылған алғашқы экологиялық зерттеу ұйымы (Turkish Official Gazette, No: 18124, 3 тамыз 1983 ж.) болып саналады. Бүгінгі күні инситут директоры – ғылым докторы, профессор Тұрғұт Түзүн Онай мырза. Халықаралық ғылыми ортадағы беделді ғалымдардың бірі.
Жақында осы институттан Тұрақты даму бойынша ЮНЕСКО кафедрасының 3 курс PhD докторантымыз А.Н. Хасенова 1 ай ғылыми тағылымдамадан өтіп қайтты.
Ғылыми тағылымдама барысында университеттің қызметімен танысып, ғылыми-практикалық семинарларға қатысып, кітапханада докторлық диссертациясы мен ғылыми мақалаларға материалдар жинау бойынша жұмыс жүргізіп, ғылыми-зерттеу жұмысы шеңберінде әдістеме және зерттеу мәселелері бойынша шетелдік ғылыми жетекшісінен кеңесін алды. Тағылымдама аяқталған соң Тұрғұт Түзүн Онай мырза ғылыми тағылымдаманың сәтті аяқталуымен құттықтап, салтанатты түрде сертификат табыстады.
Мұндай жоғары дәрежелі университет қабырғасында ғылыми тағылымдамадан өту – PhD докторанттарымыз үшін өте үлкен мүмкіндік.
Шетелдік ғылыми ортамен танысып, тәжірибе алмасу, бұл көңіл көкжиегінің кеңеюіне ғана әсер етіп қоймай, ғылыми жұмыстың жоғары деңгейде зерттелуіне де өз әсерін тигізері сөзсіз. Шетелдік мамандардан бағыт-бағдар, кеңес алу – бұл ғылыми жұмыстың терең зерттелуіне де әсер етеді.
Осындай белді университеттен ғылыми тағылымдамадан өтуге барлық мүмкіндіктікті жасап отырған әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне, университет ректоры Жансейіт Қансейітұлы мырзаға, география және табиғатты пайдалану факультетінің деканы Әлия Сағындыққызына, барлық факультет ұжымына алғысымыз шексіз. Шәкірттеріне үнемі үлкен мүмкіндіктер алаңы бола білген ұлттық университетімізді 90 жылдық мерейтойымен және барша оқытушы-профессорлық құрамды Ұстаздар күнімен құттықтай отырып, ғылым жолындағы ізденістеріңіз жемісті болсын дегіміз келеді!
Тұрсынкүл Базарбаева
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
География және табиғатты
пайдалану факультеті
Тұрақты даму бойынша
ЮНЕСКО кафедрасының меңгерушісі