Алдағы күндері ауа-райының жақсаруы күтілмейді. Сондықтан, жолға асығыс шаруаңыз болмаса, шықпаған дұрыс деп ескерту жасады көлік министрлігі. Еліміздің 6 облысында ауа райына байланысты республикалық маңызы бар автожолдар ішінара жабылды. Әсіресе, Жамбыл және Түркістан облысы трассаларындағы ахуал қиын. Ауа-райының күрт нашарлауы және жолда тұрған көліктердің көп болуы салдарынан, ауыр техника автожолды қардан тазарта алмай жатыр.

СӘТЖАН АБЛАЛИЕВ ҚР КӨЛІК ВИЦЕ-МИНИСТРІ: «Түркістан облысы шекарасынан Таразға дейін жол толық тазаланып бітті. Бірақ ол жерді біз аша алмаймыз. Неге десеңіз, олардың ары қарай Түркістанға шығатын жол толығымен ашық емес және Аспарадан Отарға дейінгі жолдар бүгін толығымен жабық. Жолдар екі күннен аса жабық болғанмен де жолға қосымша транспорттар келуде. Олар айналма жолдар арқылы, жақын елді мекендерден баруда. Олар өз функцияларынан гөрі жолда тығылғанан көліктерді қар құрсауынан босатуға көп жұмыс жасап жатыр».

Жауапты министрлік өкілдері, жүргізушілерге тағы бір мәрте ескертеді: хабарландыруға құлақ асып, асығыс болмаса жолға шықпағандары дұрыс. Әсіресе, жамбылдық ағайынға алыс жолға сапарламауға кеңес береді.