Бүгін – Білім күні. Мектептерде дәстүрге сай алғашқы қоңырау салтанатты шарасы өтті. Алматы облысында 456 орта мектепте қоңырау соғылып, 340 мыңнан аса оқушы жаңа оқу жылын бастады. 39 мың бүлдіршін мектеп табалдырығын алғаш аттады.

Бүгін Қаскелең қаласындағы Қарлығаш ықшам ауданында жаңа мектептің тұсауы кесілді. Жырдан шашу шашылып, сыңғыр қоңырау соғылып, білім ордасының іші оқушылармен толысты. Мектепке 25 тамыз күні арнайы конкурс өткізіліп, білікті мамандар жұмысқа қабылданған. Жаңа мектеп жаңаша жұмыс жасап, нағыз білім ордасына айналатыны сөзсіз.

ЖАСҰЛАН ЕСТЕНОВ АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ ҚАРАСАЙ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ:«Болашақ ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беру ісі ата-ана мен ұстаздардың күнделікті айналысатын шаруасы ғана емес, білім беру ісі - мемлекет ерекше көңіл бөлетін маңызды сала. Осы орайда, мектеп ғимаратын салған мердігер «BI Global» фирмасына, соның басшыларына, үлес қосқар барша азаматтарға аудан тұрғындарының атынан зор алғысымызды білдіреміз! 2023-2024 оқу жылында 3 ауысымды мектептерді жою мақсатында, ауданымызда: Үштөре, Жармұхамед, Іргелі, Жібек жолы ауылдарында жаңа мектеп құрылысы мен жапсаржай құрылыстары аяқталып, жақында қолданысқа беріледі. Бұдан басқа, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында, ауданда 10 мектеп құрылысы басталып, 2025 жылы оны да іске қосу жоспарланып отыр».

Заманауи үлгіде салынған білім ордасында, жас ұрпақтың сапалы білім алуына толыққанды мүмкіндік жасалған. Материалдық-техникалық базасы жоғары деңгейде орналастырылған. Білім ордасы 1500 оқушыға арнап салынған. Мектептің іші: бастауыш сынып, ортаңғы буын және жоғары сыныптарға арналған 3 блоктан тұрады. Мектепте 84 сынып бөлмесі, 76 интерактивті тақта бар. Сонымен қатар, АРТ кабинеттің іші де қыз балаларға арналған тігін цехтар мен аспаздық және ұл балалардың шеберханаларымен толыққан. Оқушылардың жаттығуына арналған үлкен және кіші спорт залдар да бар. Оқу орнының айналасы толық көгалдандырылған, қажетті заттармен жабдықталған. Тіпті, оқушылардың қатынауы үшін арнайы жаңа жолдар да салынған. Ұстаздар мен оқушылар дән риза.

ҚОРЛАН ДӘУІТХАНҚЫЗЫ МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫ: «Осындай ғимаратты салып, болашақ ұрпағымыздың жағдайын жасап жатқан мемлекетімізге, барша тұлғаларға алғыс білдіргім келеді! Керемет! Қуанышымыз шексіз енді».

Ертеңгі күн – бүгінгі ұрпақтың білімі мен тәрбиесіне төгілген тердің мөлшерімен таразыланады. Сондықтан, ел ертеңінің жарқын болуына, сауатты да салауатты ұрпақ қалыптастыруда білім саласы қашанда маңызды болып қала бермек.