Биыл еліміздің солтүстік өңірінде қыс қаһарына мініп тұр. Қалың қар мен ұйытқыған боран, дала жануарларын да тығырыққа тіреген. Ақмола облысы аумағында ауып келген еліктерге сала мамандары қолдан жем-шөп беруді қолға алып отыр.

Ақмола облысының аумағында 15 мың елік тіркелген болса,олардың 3 мыңға жуығы Өзен ауылының аумағында. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан өңірдегі мамандар шарасыз қалған жабайы жануарлардың көбірек шоғырланатын орындарына жем-шөп  жеткізіп,қамқорлық танытуда. 

ЕРЖАН САҒЫНАЕВ АҚМОЛА ОБЛЫСТЫҚ ОРМАН ШАРУАШЫЛЫҒЫ, ЖАНУАРЛАР ДҮНИЕСІ АУМАҚТЫҚ ИНСПЕКЦИЯСЫНЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК ИНСПЕКТОРЫ: «Аңшылық шаруашылығының қорықшылық қызметімен бірлесіп, биотехникалық шараларды жүргіземіз. Атап айтқанда, Көкшетау аңшылық шаруашылығы аумағында Өзен ауылы бар. Бұл елдімекен  темір жол торабы маңындағы ағаштардың ішінде еліктерді қолдан азықтандырамыз».

Жабайы жануарларға арналған азық,тұз жоспарлы түрде жеткізіледі. Облыс аумағындағы еліктердің аман-есен қыстан шығып,көктемге ілінуіне қорықшылар зор еңбек сіңіруде. 

ДМИТРИЙ ЕФРЕМОЧКИН, КӨКШЕТАУ АУДАНАРАЛЫҚ АҢШЫЛАР МЕН БАЛЫҚШЫЛАР ҚОҒАМЫНЫҢ БАС ҚОРЫҚШЫСЫ: «2-3 центнердей шөп әкелеміз.  Сонымен бірге 300 келідей бидайдың қалдықтарын да жеткізіп отырамыз. 50 шақты сыпырғыш әкелінеді. Аптасына бір рет осыншама азық жеткіземіз. Келіп, қарап кетеміз. Жетпегенін толықтырып, салып отырамыз».

Былтыр өңірдегі еліктердің саны 290-ға жуық болған. Қамқорлық қар көбесі сөгілгенше жалғасын таппақ.