Бұдан былай елімізде бала асырап алу тәртібі жеңілдейді. Бұрынғыдай бюрократия болмайды. Бірақ, талаптар сол қалпында қалады. Яғни 30 бастан 53 жасқа дейінгі ата-аналар бала асырап алуларына болады. Оларға 4 баладан артық берілмейді. Мемлекет есебінен әр балаға материалдық ынталандыру үшін 10 АЕК яки, 34 500 теңге мөлшерінде ай сайынғы жәрдемақы және балалардың отбасында болу мерзіміне байланысты әрбір кәсіби тәрбиешінің қызметіне деп 70 АЕК, ол теңгеге шаққанда 241 500 теңге көлемінде ақы төленеді. Айта кетейік, бүгін Мәжілісте білім беру және баланың құқықтарын қорғау мәселелері туралы заң жобасының таныстырылымы өткен болатын. Егер, жаңа заң қабылданса, асырап алуға ниетті ата-ана баланы бірден перзентханадан үйіне алып кетуіне жағдай жасалуы мүмкін.
РИНАТ ЗАЙЫТОВ ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:
«Мен балалардың санатын қарап отырмын. Бірақ ескеретін дүние бар. Көп бала перзентханада қалып қояды. Оны өздеріңіз де білесіздер. Үйінде балалары жоқ таныстарым бар. Олар баланы перзентханадан бірден алып кетсек дейді. Бірақ оның өзіндік бюрократиясы бар. Ал перзентханадағы бала сол аралықта мүлдем қараусыз болады. Перзентханада нәрестеге ешкім ата-аналық қамқорлықпен қарамайды, тек дәрігер ретінде қарайды. Перзентханадан баланы бірден алып кетуге болатын бағдарламаның жеңілдетілген түрі бар ма?»
ЕДІЛ ОСПАН ҚР ОҚУ-АҒАРТУ ВИЦЕ-МИНИСТРІ: «Заң жобасында отбасы қамқорлығын қажет ететін балалар балалар үйіне бармай, перзентханадан анықталған жерінен, тіпті көшеден табылған жерінен бірден отбасыға беріледі. Мұнда шұғыл тәсілмен орналастыру қарастырылған. Яғни бұл дегеніміз кәсіби отбасылар 24 сағат бойы балаларды қабылдап алуға дайын болуы керек. Олар осыған арнайы дайындықтан өтеді. Дайындығы жөнінде психологиялық тексеруден өтеді. Бұл норма ата-аналардың қамқорлығын қажет ететін балаларды тез арада отбасыға беру тәсілін енгізеді деген үмітіміз бар».
Айтпақшы, елімізде жақында «кәсіби отбасы институты» өз жұмысын бастайды. Бұл орталықтың мақсаты: бала асырап аламын деген ата-аналарды оқыту және аккридитациядан өткізу. Бүгінде республика бойынша жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 22 мыңнан аса бала бар.