Бұдан былай елімізде журналистердің қажетті ақпаратты жылдам алуына мүмкіндік жасалады. Тілшілер құқығы енді заңмен қорғалады. Бүгін Сенат депутаттары масс-медиа туралы заң жобасын қабылдады. Жаңа құжат күшіне енсе не өзгереді? Төртінші билік өкілдерінің жағдайы мен тұрмысы түзеле ме? Алдағы бейнематериалда.  

Алдымен заңның жаңалығы мынада «бұқаралық ақпарат құралдары» сөзі енді «масс-медиа» сөзімен ауыстырылады. Осы мақсатта 6 кодекс, 22 заңға өзгеріс енеді. Бұл жаңа құжаттың басты мақсаты – осы заман талабына сай жаңа медиа кеңістікті қалыптастыру. Енді мемлекеттік емес телеарна мен газет журнал, сайттар да мемлекеттік грант ала алады. Журналистердің мемлекеттік органга жазған сауалына бес күннен жеті күн аралығында бірақ міндетті түрде жауап беріледі. Суицид жасау тәсілдері мен суицидке шақыру туралы ақпарат таратуға қатаң тиым салынады. 

АЙГҮЛ ҚАПБАРОВА ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ: «Мемлекеттік тілдегі теле-радиобағдарламалардың апта сайынғы көлемін 50%-дан 60%-ға дейін кезең-кезеңімен ұлғайту белгіленді (2025 жылдан бастап 55%, 2027 жылдан бастап 60%). Отандық теле-радио бағдарламалардың және қазақстандық авторлардың/орындаушылардың музыкалық шығармаларының отандық теле-радиоарналардағы көлемін 50%- дан 60%-ға дейін кезең-кезеңімен ұлғайту (2025 жылдан бастап 55%, 2027 жылдан бастап 60%) көзделген. Отандық теле-радиоарналардағы шетелдік бағдарламаларды ретрансляциясын 20%-дан 10%-ға дейін азайту% белгіленді».

Бұл заң жобасына енген нормаларымен депутаттар толық келісті. Алайда, сенаторлар болашақ журналисттерді даярлайтын оқу орындарының бағдарламасына көңілдері толмайды. 

ӘЛІШЕР САТВАЛДИЕВ ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ: «Фактілер жеткілікті болғанымен, сары баспасөзге тән материалдар көбейгені байқалады. Аналитикалық материалдар өте аз. Бұл жағдай журналистерді дайындау процесінде олқылықтар бар деген емес пе? Болашақ журналистер ЖОО-ларда заманауи талаптар мен бүгінгі қалыптасқан жағдайдың шынайы болмысы туралы білімді қаншалықты толық ала алуда? Олардың оқу бағдарламаларын қайта қараудың қажеттілігі бар ма?»

Бұл сауалға жауап берген ғылым және жоғарғы білім вице-министрі елімізде тілшілерді 35 ЖОО-ны дайындайды дейді. Бүгінде онда 5700 болашақ журналистер білім алуда. Оның 300-і магистратура, 50-дей студент докторантурада оқуда. 

ДАРХАН АХМЕД-ЗАКИ ҚР ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ЖОҒАРҒЫ БІЛІМ ВИЦЕ-МИНИСТРІ «Біздегі оқу бағдарламаларының реестрі ішінде 105 оқу бағдарламасы тіркелген. Бакалавриат бағыты бойынша – 66, магистратурада – 32. Қазір журналистерге қойылған талаптар кәсіби стандарттар арқылы жүзеге асады. Оқу бағдарламаларын жаңарту бойынша жұмыстарды жүргізіп жатырмыз. Қойылатын талаптар әрі қарай күшейтілетін болса, оны қосымша қарауға дайынбыз».

Аталған заң күшіне енсе, медиа кеңістікте ақпарат қолжетімді, журналистер шынайы және төртінші билік өкілдерінің құқығы жан-жақты заңмен қорғалатын болады. Оның ішінде тілшілердің әлеуметтік жағдайлары да жақсарады.