Бұдан былай мерзімі өтіп кеткен несиесін төлемегендер, мүлдем кредит ала алмайды. Енді кредит тек төлем қабілеті бар жауапты қазақстандықтарға ғана беріледі. Айтпақшы, ендігіде коллекторлар, қарыз үшін борышкерлерді жалғыз баспанасынан қуып шыға алмайды. Алайда, бұл норма тек жылыту маусымы кезінде, балалары бар отбасылар үшін ғана күшінде болады. Бүгін мәжіліс несие алушылардың құқығын қорғайтын заң жобасын талқылады.
ТАТЬЯНА САВЕЛЬЕВА ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, ҚАРЖЫ ЖӘНЕ БЮДЖЕТ КОМИТЕТІНІҢ ХАТШЫСЫ: «Кредит төлеу мерзімі өтіп кеткенде азаматтарға жаңа тұтынушылық кредит беруге тыйым салу; 90 күн өткеннен кейін барлық кредит бойынша сыйақы есептеуге тыйым салу; кәмелетке толмаған балалары бар отбасыларды жылыту маусымында жалғыз баспанасынан шығаруға тыйым салу сынды бірқатар жаңа нормаларды заңға енгізу көзделіп отыр. Бұдан басқа, осы Заң жобасы бойынша жұмыс тобы шеңберінде қаралатын халықтың несиесін төмендету бойынша өткен парламенттік тыңдауларда айтылған тағы да бірқатар маңызды мәселе бар. Қаржы және бюджет комитеті осы заң жобасын қарауға және ол бойынша қорытынды дайындауға дайын»