"

Әрбір жұмысшының еңбегі қорғалу керек! Кеншілер кешке үйіне аман-есен оралатынын білуі керек. Қазіргідей «аман» келсе деп алаңдамай ертеңгі күнге сеніммен қарайтындай жағдай жасау шарт. Осылай деген мәжіліс депутаттары Үкіметтен еңбек қауіпсіздігіне қатысты бақылауды күшейтуді талап етті. Ірі кәсіпорындарды тексеруге салынған мараторийді алып тастау қажет деп санайды. Мәжіліс отырысынан толығарық алдағы бейнематериалда.

Бүгін депутаттар Қарағанды облысында қаза тапқан кеншілерді бір минуттық үнсіздікпен еске алды.

ЕРЛАН ҚОШАНОВ ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ: «28 қазанда Костенко атындағы шахтада апат салдарынан 46 адам көз жұмды. Бұл - тұтас халқымыз үшін үлкен қасірет. Мемлекет басшысының бастамасымен 29 қазан Жалпыұлттық аза тұту күні болды. Барлық депутаттың атынан қайтыс болған кеншілердің отбасылары мен жақындарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтамын».

Күллі қазақ халқын дүр сілкіндірген бұл апат компания басшылығы өз қызметкерлерінің өміріне салғырттықпен қарағанының нәтижесінде болды. Осылай деген депутаттар мынадай дерекпен бөлісті. Кеншілер адал еңбек, маңдай термен ауыр қызметте жүріп мардымсыз жалақы алып отырса, бұл уақытта Арселлор Миталл жылына 200 млрд теңгеден астам табыс тауып оның басым бөлігін шет елге шығарып отырған. Мұндай бассыздықты тоқтату керек деген олар, ірі бизнесті тексеруге арналған мараторийді алып тастауды талап етті.

АРМАН ҚАЛЫҚОВ ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ: «Біз кәсіпорынның жеткілікті ақша таба алатынын көріп отырмыз. Көмір өнеркәсібінде 30 жылдық тәжірибесі бар қызметкер ретінде қарағандылықтарды сабырлыққа шақырғым келеді. Бізде осы жылдар ішінде тікелей инвестор бола алатын, әлеуметтік жауаптылығы бар кәсіпкерлер саны жеткілікті дәрежеде өсті. Осы трагедиядан кейін басқаша болуы мүмкін емес. Біз осы кәсіпорынды өз бетінше дамыту үшін өзіміздің кәсіби кадрларымыз жеткілікті деп санаймыз».

Айтпақшы бүгін депутаттар республикалық бджет туралы заңды бекітті. Алайда, олар мемлекет қазынасының ақшасының оңды-солды қажет емес дүниелерге шашылғанын ашық айтып сынады. Ашынғаннан емес, жанымыздың ашығанын айтамыз деген олар, елдегі бар проблеманы көтерді.

ЕЛНҰР БЕЙСЕНБАЕВ ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ «Қазір бірде-бір мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы қалмады. Өзін әлеуметтік мемлекет деп таныған ел үшін – бұл нонсенс. Дәл бүгін үй кезегінде 650 мың адам тұр. Бұл дегеніміз шамамен 2 млн отбасының мүшелері пәтер жалдап жүр деген сөз. Оның ішінде, олардың үштен бірінің қаржы жинау мүмкіндігі мүлдем жоқ, яғни тапқан табысы тамағынан артылмайды. Жылына 9 мыңға жетер-жетпес қана әлеуметтік бағыттағы үй салынады. Ал бір жылда кезекке 50 мың адам тұрады. Бұл қандай саясат, бұл нендей менеджмент? Әріптестер, үй болмай, күй болмас».

Депутаттар табысы тамағынан артылмайтын, несиеге белшесінен батқан халықты құтқару үшін «қарызсыз қоғам» жобасын жалғастырып, заңсыз иемденген қаражаттарды тезірек қайтаруға және қолда бар ақшаны аса қырағылықпен тиімді пайдалануға күш салу керектігін айтты.