Ақпараттық қауіпсіздікті күшейту керек. Әсіресе, шекаралық аймақтарда бұл жұмыс қатаң бақылауға алынуы тиіс. Оны Үкімет өзі қадағалауы керек. Әйтпесе, «сұр» тарелкалар қазақ жастарының санасын улап жатыр деген Сенат депутаты Бибігүл Жексенбай өңірде өгейдің күйін кешіп отырған отандық арналардың дамуына қаржы бөліп, басымдық берілуі керек деп санайды.

БИБІГҮЛ ЖЕКСЕНБАЙ ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:

«Жасыратыны жоқ, қазіргі таңда сырттан ағылған ақпараттық-насихаттық инъекциялардың күшеюі назар аудартады. Әсіресе шекаралық аймақтардың тұрғындары үшін шетелдік ақпарат көзі үйреншікті болған. Республикалық телеарналарға балама іздеген көрермен Қазақстанмен шекаралас елдердің телеарналарына телміріп, жат елдің идеологиясын санасына сіңіруде. Бір өкініштісі, «Отау ТВ» арқылы отандық телеарналарымыз өзге елге хабар таратуына шектеу болғанымен, тәуелсіздік жылдарында біз алыс жақын шетелдің бұқаралық ақпарат құралының Қазақстан аумағына таралуына кең мүмкіндік бердік. «Сұр» тарелкалар арқылы көрші елдің идеологиясы жерімізге еркін тарап, жас ұрпақтың санасын улап жатқанын, тіпті елге іріткі салатын жәйттерге әкеліп жатқанын көріп отырмыз».