Бүгін Қазақстанның бас қаласы Астанада қарбалас. Есілдің бойында орналасқан Елорда халықаралық дәрежедегі меймандарды қабылдап жатыр. Еліміздің бас қаласына бірқатар елдің басшылары келді. Олар Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының екі күндік саммитіне қатысады. Келелі кеңеске 16 елдің Үндістан, Иран, Қытай, Қырғызстан, Катар, Бірікке Араб Әмірлігі, Түркия және Түрікменстанның мемлекет және үкімет басшылары жиналды. Алдын ала ақпарат бойынша Саммит аясында 20-ға жуық құжатқа қол қойылады деген жоспар бар. Олардың ең маңыздысы - Астана декларациясы болмақ. Себебі, бұл декларация ұйымның болашақта даму стратегиясын, мемлекеттердің бірлескен нәтижеге алып келетін қадамдарын айқындайды. Сондай-ақ саммиттің тағы бір ерекшелігі Қазақстанның бастамасы болатын есірткі айналымына қарсы 2029 жылға дейінгі стратегияға қол қойылады.

Ал, енді бір топ сарапшылар болса ҚХР төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстанға келуі үлкен маңызға ие екенін атап айтып жатыр. Өйткені, осы сапрдан соң,  Қазақстан мен Қытай арасында көлік-логистика саласында, Транскаспий дәлізін дамыту бойынша жобалар іске асырылмақ. Қысқасы, Астанадағы саммит Еуразиядағы тұрақтылықты, өзара келісімді, диалогты меңзейтін алаңға айналмақ.