Еуропалық парламент Страсбург сессиясында табиғатты қалпына келтіру туралы заңға дауыс берді. Заңнама Еуро Одақ құрлықтары мен теңіздерінің бестен бір бөлігін табиғи күйге қайтаруды көздейді.

Еуропарламент табиғатты қалпына келтіру туралы даулы заңды мақұлдады. Дауыс беру Еуропадағы фермерлердің бірнеше аптаға созылған шеруінен кейін өтті. Шаруалардың наразылығының бір себебі – қатаң экологиялық талаптар.Табиғат туралы заң жобасын социалистер мен жасылдар белсенді түрде алға тартты. Қарсы депутаттар оны қабылдамауға тырысты. Еуроодақ парламентіндегі ең ірі әрі жетекші саяси күш – Еуропа халықтық партиясы да бұған қарсы болды. Дегенмен жаңа заңға 329 депутат дауыс берді. 275-і қарсы, 24-і қалыс қалды.

СЕСАР ЛУЭНА ДЕПУТАТ: «Менің ойымша, бұл тарихи прогресс. Еуропалық Одаққа тек табиғатты сақтаудан тыс қоршаған ортаны қорғау саясаты қажет. Демек, бұл алға ұмтылу дегенді білдіреді».

Жаңа заң Еуропалық Одақтағы бұзылған экожүйелерді қалпына келтіруге бағытталған. Еуропарламент табиғи аумақтардың 80 пайызы қазірдің өзінде деградацияға ұшырағанын мәлімдеді. Жаңа заңға сәйкес, ЕО елдері 2030 жылға қарай осындай зардап шеккен аймақтардың үштен бірін, соның ішінде ормандарды, шабындықтарды, өзендерді, көлдерді және сулы-батпақты жерлерді қалпына келтіруі керек. Ал 2050 жылға қарай барлық бұзылған экожүйелерді табиғи күйіне қайтару көзделген.Заң ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге де қатысты болмақ. Яғни, бұрынғы экожүйені қалпына келтіру үшін жерді шаруалардан мемлекет меншігіне де қайтаруы мүмкін. Дегенмен, заңға қарсы тарап бұл ЕО үшін азық-түлік өндірісіне әсер етеді деп есептейді. Жаңа заңды әлі Еуропалық кеңес қабылдауы керек.Тек содан кейін ол күшіне енеді.