"

Көкшетаулық баскетбол жаттықтырушысы Виктория Волкова жылдың үздік балалар жаттықтырушысы атанды. 2023 жылды қорытындылаған туризм және спорт Министрлігінің шешіміне сай, жерлесіміз осы атаққа лайық деп танылып, Астанада өткен салтанатты рәсімде марапатталды. Жас та болса, бас болып жүрген тәлімгер туралы алдағы материалда.

Виктория Волкованың балалардың баскетболға деген қызығушылығын оятып, салауатты өмір салтын насихаттап жүргеніне 15 жыл. Осы уақытта оның қарамағындағы командалар бірнеше рет Қазақстан чемпионы атанған. Жиырмадан астам ойыншы ел құрамасының мүшесі болды. Жеті баскетболшы спорт шебері атанса, тағы жиырмадан астам бұрымды спорт шеберлігіне үміткер. Балалар мен жасөспірімдер спортының дамуына қосқан үлесі үшін туризм және спорт Министрлігі оны үздік деп таныды.

ВИКТОРИЯ ВОЛКОВА ЖЫЛДЫҢ ҮЗДІК БАЛАЛАР ЖАТТЫҚТЫРУШЫСЫ "Мұндай марапат алу өте керемет. Жерлестеріміз де, шет елдік жаттықтырушылар да құттықтап, жылы лебіздерін білдіріп жатыр. Бұл ұзақ жылғы қажырлы еңбектің және осы спорт түріне деген махаббаттың жемісі деп білемін. Оқушылардан оң нәтиже көрмесем жібермеймін. Әр топ екі сағат спортпен айналысады. Уақыттың қалай өтіп кеткенін де байқамаймын. Еңбегіміз еленіп жатқаны, әрине мені қуантады".

Баскетбол жоғары жылдамдықты спорт түріне жатады. Ойыншыға шыдамдылық, секіру, ептілік және реакция жылдамдығы қажет. Ойынның қыр-сырын алдына келген әр оқушыға кеңінен түсіндіретін Виктория әрқайсынан нағыз спортшыны шығаруды көздейді. Жаттықтырушысына еліктеп, биік белестерді бағындырғысы келетіндердің бірі – Анастасия.

АНАСТАСИЯ БРАТКО "Мен баскетболға үш жыл бойы барып жүрмін. Осы уақытта біздің команда бірнеше жарыстарға қатысып, жеңімпаз болып шыққан. Менің өзімде үздік ойыншы деген бірнеше грамота бар. Мен баскетбол ойнауды жақсы көремін және менің бойым оған сәйкес келеді".

Балаларын Виктория Волковаға берген ата-аналар да дән риза. Осындай тәлімгерден білім алып жүрген қыздарымыздың мықты спортшы болатындарына сенеміз,-дейді олар.

ӘЙГЕРІМ ТАСЕНОВА КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ "Виктория Олеговна кәсіби маман, мықты жаттықтырушы. Балалардың спортқа деген қызығушылығын оята біледі. Ерте тұрып, таңғы сегізде залда болу кез келген баланың қолынан келмейді. Ал, қыздар спортты жақсы көреді. Бұл жаттықтырушының арқасы деп ойлаймын. Балаларымыз жиі жарыстарға қатысады. Менің қызым жақында өз қатарластарының арасында үздік ойыншы атанды".

Виктория Олеговнаның алға қойған жоспары айқын, мақсаты анық. Жаттықтырушы келер жылы оқушыларын көптеген республикалық олимпиадаларға қатыстырып, облыс чемпионатын өткізуді жоспарлап отыр.