Көкшетау қаласында қоқыс контейнерлері уақытында шығарылмайды. Жел соқса, қоқыс ұшып, жағымсыз иіс ауаға тарайды. Тұрғындар уақытында қызмет ақысын төлегенімізбен, қоқысты тазалап жатқан ешкім жоқ деп налып отыр.
Кәукен Кенжетаев көшесі Абылай хан даңғылының бойындағы көпқабатты үйлердің ауласындағы контейнерлер қоқыстан көз ашпай тұр.
«Күніге осындай қоқыс, алғылары келгенде алады, алғылары келмегенде осылай тұрады, сасып. Жанында магазин, қандай тазалық бар, айналайын, айтшы. Ешқандайда тазалық жоқ. Мінекей,осымен ауа жұтамыз. Енді осыны қашан жинайды, білмеймін».
«Мен осы қоқыс туралы айтқым келеді. Қоқыс жыл бойы, үнемі осында тасталады, бұл әлі күнге дейін жалғасуда. Бұған ешкім мән бермейді. Басшылықтың қайда қарап отырғанын білмеймін. Адамдарға да шошқа сияқты қарайды. Енді олар біздің видеомызды көрсе, осының бәрін алып тастар еді. Тіпті балалар жүгіріп жүр, сасық. Бізде әдемі қала болуы керек».
Бұл үйлердің ауласындағы мына қоқыс контейнерлеріне жақын маңдағы көпқабатты 10-нан астам баспананың тұрғындары қоқыс тастайды. Көп жағдайда контейнерге тастауға ерініп, жол бойына лақтырып кететіндер де аз емес, -деп ашынады тұрғындар. Қоқысты көшеде қаңғырған ит пен мысықтар шашып кетеді, соның салдарынан ауламыз қоқыс алаңына айналып шыға келеді.
СЕРІКБАЙ ЕСІМОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: «Жаз бойы мына жер су, кісілер бәрі өте алмайды. Тратуар жоқ, мусор мына жерде 7-8 үйге бір мусорный ящиктер. Олардың өзі толып кетеді де, мынау жердің бәрі қоқыс болып жатады. Енді бүгін қарағанда, бәрін жинап алып кетті. Бірақ осы мәселелер қашан шешіледі? Білмейміз соны әлі күнге дейін».
ДАРХАН ӘБІШЕВ «ТАЗА ҚЫЗМЕТ» СЕРІКТЕСТІГІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Қоқыс маршруттық кестеге сәйкес күн сайын таңғы 9-дан 11-ге дейінгі аралықта осы мекенжайдан әкетіледі. Контейнерлер саны Көкшетау қалалық мәслихаты әзірлеген нормаларға сәйкес осы учаскенің жинақталу нормаларына сай келеді».
Тұрғындардың шағымына жауапты мекеме тез арада әрекетке көшті. Дегенмен бұл аумақта қоқыс шығару қиынға соғуда. Тұрғындардан да тазалықты сақтап, ұқыптылық танытпаса мәселенің күрделене берері сөзсіз. Қоршаған ортаның тазалығына әр азамат жауапты екенін ұмытпаған абзал.