Маңғыстауда секундына 28 метрге дейін соққан желден көпқабатты үйлердің қасбеттері құлады. Қаладағы ең үлкен ту жыртылып, тұғырдан алынды. Ал облыстың кейбір мектептерінде балалар онлайн оқу режиміне ауысты.

Маңғыстауда солтүстік-батыстан соққан жел кешелі бері көптің мазасын алды. Әсіресе түнгі мезгілде желдің соғу жылдамдығы күшейді. Қатты соққан желдің салдарынан Бейнеу ауданындағы Боранқұл ауылында екі тұрғын үйдің шатыры ұшып кеткен. Ал өткен түнде Ақтаудағы 33-ші  шағынаудандағы 31-ші үйдің қас беті түгелдей түсіп қалған.

«Қаланың ішінде болып тұартын табиғат зат. Ешқандай таңқалатыны жоқ. Біреуден көретіні де жоқ. Енді төбесіндегі қалақашалар тұр ғой. Солар түніменен салдырлап түнімен жатқызбайды салдыр -салдыр жылда қысқа, сезонға дайындау керек».

Ауа райының қолайсыздығынан облыста мектептер де онлайн оқу режиміне ауысты. Ақтаудың кейбір мектептері, ал Бейнеу, Түпақараған аудандары толықтай қашықтан оқуға көшті. Жаңаөзен қаласы, Маңғыстау, Мұнайлы, Қарақия аудандарында сабақ дәстүрлі форматта жалғасып жатыр. Қала мектептерінде онлайн оқу ертең де жалғасады. Өйткені облыста ауа райы дауылды болады деп болжанып отыр. Сондықтан төтенше жағдайлар департаментінің мамандары сақ болуға шақырады.

АЙГҮЛ ТӨЛЕУҒАЛИЕВА «ҚАЗГИДРОМЕТ» РМК МАҢҒЫСТАУ ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: «Алдағы тәулікте де осы ауа райы сақталады. Ертен облыстың солтүстігінде қатты жауын-шашын тіпті, қар, жаңбыр күтілуде. Солтүстік-батыстан соғатын желдің екпіні -15-20 метр секудтқа дейін жетеді. Ақтау қаласында да дәл сондай ауа-райы».

ДАНИЯР ЕЛШІБАЕВ — МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСТЫҚ ТЖД ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАРДЫ АЛДЫН АЛУ БӨЛІМІНІҢ БАСТЫҒЫ: «Облыс қонақтары мен тұрғындарына МО ТЖД ескертеді. Яғни дәл осындай қолайсыз жағдайларда көшеде болсаңыз, биік ғимараттардан, ағаштардан, электр қалқандарынан аулақ болғаныңыз жөн. Себебі осындай жел уақытында көптеген оқыс оқиғалар орын алуы мүмкін. Сондай-ақ осындай уақытта көлікте болсаңыз жолда көру мүмкіндігі азаяды. Сол себепті көлікті жол жиегіне қойып, есік терезелердің жабылғанына көз жеткізген дұрыс. Өңдеріңіздің және балаларыңыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қатты жел уақытында көшеге шықпауыңызды сұраймыз».

Қатты желге Ақтау ортасындағы ең биік ту да шыдамады.Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбадан тудың шеті жыртылғанын көруге болады. Айтулы жағдайға байланысты тұғырдан алынды.