Мыңдаған мигранттардан тұратын керуен Мексиканың Чиапас штатындағы Уистл қаласына демалуға тоқтады. Ол Тапачуладан бірнеше күн бұрын жолға шықты.

Орталық Америкадан, сондай-ақ Венесуэла мен Кубадан келген мигранттар Мексиканың солтүстігіне Америка Құрама Штаттарымен шекараға қарай бет алды. Ресми деректер бойынша, Тапачуладан бастапқыда 3500 адам кеткен. Қазір белсенділердің айтуынша, керуенде жеті-сегіз мың адам бар. 

ИРИНЕО МУХИКА – БЕЛСЕНДІ «Адамдар 50 шақырымнан астам жол жүрді. Оларға қиын, өйткені олар тамақ ішпеді,  көшеде түнеді. Содан көбісінің балалары ауырып қалды».

Мигранттар Америка Құрама Штаттарына жетіп, сонда жұмыс тауып, өмірлерін реттейміз деп үміттенеді.

ГОНДУРАСТАН КЕЛГЕН МИГРАНТ «Мен үш баламен, әпкем және анаммен барамын. Біз Мексика арқылы өтуге рұқсат сұрап жатырмыз, өйткені біз енді өз елімізде  тұра алмаймыз. Онда бізге үнемі қауіп төніп тұр, экономика құлдырады, жұмыс жоқ. Қатты қиналудамыз. Менің балаларым жаяу жүруден шаршады. Бізге тамақ пен су керек».

ГОНДУРАСТАН КЕЛГЕН МИГРАНТ «Өкінішке орай, мен "Эта" және "Иота" дауылы кезінде үйімнен айырылдым. Қолымыздан келетіні – көшу ғана».

Мигранттар Мексикаға өту үшін транзиттік визаларды айлап күткендерін айтады. Шыдамдары таусылып, олар елді заңсыз кесіп өтуге шешім қабылдаған. АҚШ-тың оңтүстік шекарасына бет алған керуен өткен маусымнан бергі ең үлкен керуен болды. Ал шекарада 10 мың мигрант жиналып үлгерді.