2 қазан күні 2022 жылға арналған жеке мүлік салығын төлеу мерзімі аяқталады. 55 мыңнан астам алматылық өз міндеттемелерін әлі орындаған жоқ. Осыған байланысты бұл тұрғындарға банк қызметтерін пайдалануға шектеу қойыламақ.

Алматы қаласы мемлекеттік кірістер департаментінен атап өтілгендей, төлем мерзімінің аяқталуына бірнеше күн қалды. Осыған қарамастан 55 644 тұрғын жалпы сомасы 735 млн теңгеге салық төлемеген.

ҚУАНЫШ ТҮМЕНБАЕВ АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ БОЙЫНША МКД БАСҚАРМА БАСШЫСЫ: «Бүгінгі таңда Алматы қаласы бойынша жеке тұлғалардың мүлкіне салық салуға жататын объектілердің  саны 642 172 құрайды, бағалау құны 3 054 млрд теңге, 2022 жылы есептелген салық сомасы 3,9 млрд теңгеден асады. Өткен жылмен салыстырғанда салық салу объектілерінің саны бағалау құны 6 млрд теңгемен 27 238-ге ұлғайды, оның ішінде жеке үйлердің саны 547 – ге, пәтерлер – 21 262, гараждар-5 246-ға көбейді. Айта кету керек, жаңа салық салу нысандарының негізгі бөлігі 9 167 Бостандық ауданына тиесілі».

Салық төлеу мерзімі өткеннен кейін, мүлік салығын төлемегендер банктік қызметтерді ала алмайды, оның ішінде банктік шот ашу, аударымдар жасау, несие алу және тағы басқа. Бұл Салық кодексінде қарастырылған. Әрбір кешіктірілген күн үшін Ұлттық банк белгілеген ресми қайта қаржыландыру ставкасының 1,25 еселенген мөлшерінде айыппұл салынады.

Баспасөз мәслихаты барысында, Алматы қаласы мемлекеттік кірістер департаменті өндірістік емес төлемдер басқармасының басшысы Қуаныш Түменбаев мүлік салығынан кімдер босатылатынын айтты.

ҚУАНЫШ ТҮМЕНБАЕВ АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ БОЙЫНША МКД БАСҚАРМА БАСШЫСЫ:  «Кеңес Одағының Батырлары, Социалистік еңбек ерлері, «Халық қаһарманы», «Қазақстанның Еңбек Epi» атақтарына ие болған, үш дәрежелі Даңқ орденімен және «Отан» орденімен марапатталған адамдар есептік көрсеткіштің 1000 еселенген мөлшері шегінде,  барлық салық салу объектілерінің жалпы құнынан босатылады».

Департамент тұрғындарды қарыздарын өтеуге шақырады және салықтарды уақтылы төлеуге кеңес береді. Сұрақтар туындаған жағдайда тұрғындар 1414 нөмірі бойынша бірыңғай байланыс орталығына жүгіне алады.