"
Орал қаласына қарасты саяжайдың тұрғындары автобус аялдамасының қолайсыздығын айтып, наразылығын білдірді. Айтуларынша, аялдамаға жету үшін бірнеше шақырымды еңсеру қажет. Саяжай халқы неге кенеттен аялдаманы алып тастағанын білмей аң-таң.
Даудың басы жолдың шетіне сары жолақты салудан басталған. Саяжай тұрғындары содан бері автобустың тоқтамайтынына наразы. Жақын аялдамаға жету үшін жолдан өтуге тура келеді. Ал жүру бөлігінде жаяу жүргінші өткелі атымен жоқ. Салдарынан балалар жолды кесіп өтеміз деп мертігіп қала ма деп алаңдаулы.
ЗИБАШ ІЗБАСАРОВА САЯЖАЙ ТҰРҒЫНЫ «Мына арадан үлкен кісінің өзі өте алмайды. Өте көп көлік жүреді. Аялдама осы арада болу керек деп есептейміз. Аялдама тек бұл жерде емес маңайдағы біраз елді мекенде жоқ. Ар жағында алабай ит жатыр. Ол адамды талап тасайды.»
СӘРСЕНБЕК САЯЖАЙ ТҰРҒЫНЫ «Аялдама әрине болу керек. Ана бұрылыстан тастап жатыр. Балалар үшін алаңдайсың. Балаларды байқамай басып кетсе, содан кейін басталады. Жағдай болса жасай салсын, құдай да тыныш құдағай да тыныш болады»
АСЫЛАЙ АХМЕТОВА САЯЖАЙ ТҰРҒЫНЫ «Біздер пешеходный переход сұраймыз. Жолдың ар жақ шетінен бер жағына өту қауіпті. Жүк көліктері күндіз түні жүріп жатады, тоқтамайды. Сол себептенде өзіміз үшін, балаларымыз үшін пешеходный переход және де остановка сұраймыз»
Жол жүру ережесі бойынша біртұтас сары жол таңбасына аялдауға тыйым салынады. Ал маршруттық көлік құралдары аялдама белгісімен белгіленген жерден тыс тоқтай алмайды. Мәселенің анық-қанығын білу үшін атқа мінерлерден жауап алдық.
АЛЬБЕРТ БЕКМУХАМБЕТОВ ҚАЛАЛЫҚ ТКШ, ЖК ЖӘНЕ АЖ БӨЛІМІ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ СЕКТОРЫНЫҢ МЕҢГЕРУШІСІ «Бізге бірнеше мәрте өтініштер келіп түсті. Біз өз кезегімізде аялдама белгісі жоқ жерлерде белгі орнату жұмыстарын қолға алдық. Бір-екі күнде белгі толықтай орнатылады. Ал жаяу жүргінші өткеліне келер болсақ, бұл мәселе қаралуда. Бұйырса қыркүйек айында оптомаркет тұсында жаяу жүргінші өткелі салынады»
Жауапты мамандардың сөзінше, аялдама мен жол белгісі орнатылады. Тұрғындар сәл сабырлық танытса болғаны.