Отбасы банктің салымшылары мемлекеттің 138 000 теңге мөлшеріндегі ең жоғары сыйлықақысын ала алады. Жыл сайын тұрғын үй құрылысы жинақ ақша жүйесіне қатысушыларға 20% мөлшерінде мемлекет сыйлықақысы төленеді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында «Отбасы банк» Алматы қаласы бойынша филиалының директоры Данагүл Түсіпова айтты. Мемлекет сыйлықақысы 200 АЕК немесе 690 000 теңгеден аспайтын сомаға есептеледі.
ДАНАГҮЛ ТҮСІПОВА «ОТБАСЫ БАНК» АҚ АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ БОЙЫНША ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: «Егер осы жыл ішінде "Отбасы банкте" депозиті бар адам осы қаражатты өз шотына жинаса немесе оларды бір мезгілде енгізсе, онда ол 2023 жылдың қорытындысы бойынша ең жоғары сыйлықақыны – 138 000 теңгені алады. Мемлекет тарапынан бонус алуға үлгеру үшін "Отбасы банктің" салымшылары ағымдағы жылдың 29 желтоқсанына дейін өз депозиттерін толықтырып үлгеруі тиіс».
Банктің жылдық 2% мөлшеріндегі сыйақысын және мемлекет сыйлықақысын ескергенде "Отбасы банктегі" депозиттер бойынша тиімді мөлшерлеме жылдық 14%-ға жетуі мүмкін. Спикер мемлекет сыйлықақысы бұрын көтермеленбеген жинақтарға ғана есептелетінін айтты. Яғни, жыл сайын ағымдағы жылы жасалған жинақтар мен өткен жылы көтермеленбеген жинақтардың қалдығы есепке алынады.
ДАНАГҮЛ ТҮСІПОВА «ОТБАСЫ БАНК» АҚ АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ БОЙЫНША ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: «Мемлекеттің сияқыны көбірек алу үшін депозит ашуды ұсынамыз. «Отбасы банктің" «Отбасылық пакеті» шеңберінде өз кірісіңді ұлғайтуға болады. Ол үшін Сіз отбасының бірнеше мүшесіне депозит ашуыңыз керек, сонда сыйлықақы әр салымға есептеледі. Мысалы, егер отбасы айына белгілі бір соманы үнемдеуді жоспарлаған болса, онда отбасы оны «Отбасылық пакет» шеңберінде бірнеше салым арасында бөлу арқылы әр салым үшін мемлекет сыйлықақысын алатын мүмкіндікке ие болады. Содан кейін қажетті соманың жинақталуы тезірек болады».
Сонымен қатар, банк салымшысы жылжымайтын мүлікті сатып алу туралы шешім қабылдағаннан кейін бір отбасының барлық шоттарын біріктіріп, қарыз алуға болады. Бүгінгі таңда қазақстандықтар үшін ең қолжетімді қарыз түрі – тұрғын үй қарызы. Мұндай қарыз шотта кемінде 3 жыл мерзім ішінде тұрғын үй құнының кемінде 50%-ы жинақталған жағдайда беріледі. Қалған соманың 50%-ын клиент жылдық 3,5%-дан 5%-ға дейінгі мөлшерлеме (ЖТСМ 3,6%-дан бастап) бойынша алады.
Айта кетейік, енді өз балаңызға депозитті онлайн режимінде аша аласыз. Жаңа қызмет otbasybank.kz порталында қолжетімді. Депозитті 0 жастан 14 жасқа дейінгі балаға онлайн ашуға болады. 14 жастан бастап депозитті баланың өзі ата-анасының немесе басқа заңды өкілдерінің (мысалы, қамқоршылардың) келісімімен банк бөлімшесінде ашады.