Оқу-ағарту министрлігі ата-аналарға үндеу жасады. Мемлекет баланы ата-анадан тартып алады деген ол фейк, шындыққа еш жанаспайды деген министрлік өкілі,  әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі жаңа заң жобасында балаларды отбасынан тартып алатын норма жоқ екенін айтты. Сондықтан, ата-аналарды тек ресми ақпарат көздеріне сенуге шақырады. 

ЕДІЛ ОСПАН ҚР ОҚУ-АҒАРТУ ВИЦЕ-МИНИСТРІ: «Аталған заң жобасында отбасылардан балаларды мемлекеттік органдардың тартып алуына мүмкіндік беретін нормалар бар деген жаңсақ ақпараттар таратылып жатыр. Ол ақпараттың ешбірі шындыққа сәйкес келмейді. Мемлекеттік саясат баланы туған отбасында тәрбиелеу құқығын қамтамасыз етіп, балаларды тәрбиелеу мен олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерінде ең алдымен ата-аналарға басымдық беруге бағытталған. Мемлекет өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларды қолдауға арналған тиімді шараларды үнемі іске асырып келеді. Құрметті ата-аналар! Әртүрлі фейктерге сенбей, тек ресми ақпарат көздеріне сенуді сұраймыз».