Суретшінің жан серігі қылқаламы мен түрлі-түсті бояуы. Петропавл қаласының тұрғыны Карина Маруан суретшілік өнерімен көпшілікті сүйсіндіріп жүрген таланты жастарының бірі.

Әр туындының өз айтар ойы бар. Адамның ішкі әлемін суреттейтін туындыларымен танымал Карина осындай 100-ге жуық картинаның авторы. Бірнеше көрме ұйымдастырып, түрлі байқаулардың жеңімпазы атанған. Мұнымен де тоқтап қалмай жан-жақты ізденіс үстінде.

КАРИНА МАРУАН СУРЕТШІ: «Жасым 19-да. Кішкентайымнан сурет салғанды жақсы көремін. Алғаш қолыма қылқаламды мектепте оқып жүрген кезде ұстадым. Бұдан бөлек ермексазбен де жұмыс істеп көрдім. Ата-анамның қолдауының арқасында қазір дизайн саласында білім алып жатырмын».

Суретші үшін қажет құрал-жабдықты таңдауға мұқияттылық қажет. Каринаның пікірінше, акрилмен жұмыста шапшаң, тез әрекет еткен жөн. Ал акварель мен гуашь бұл салаға жаңадан келгендер үшін қолайлы.

КАРИНА МАРУАН СУРЕТШІ: «Алдымен бәрін өзім үйрендім. Әлеуметтік желіні ақтарып, ғаламторда да тәжірбие жинадым. Алғашқы көрмем 2021 жылы өтті. Картиналарыма қызығушылық танытқандар қарасы аз болмады. Тіпті, алғашқы 3 туындым бірден сатылып кетті. Бұдан бөлек фестивалдар мен байқауларға да қатыстым».

Жас суретшінің алар асуы әлі алда. Қар көбесі сөгіле тағы бір сурет көрмесін өткізуді жоспарлап отыр.