«Су тасқыны көктемгі егіс науқаны барысына әсер етпейді» - бұл туралы Солтүстік Қазақстан облысы ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Мейрам Меңдібаев мәлімдеді. Қазір су астында шамамен 1 200 га жер жатыр.

Биыл теріскейде 4,5 млн га алқапқа дәнді дақыл егіледі деп жоспарланған. Оның 3,4 млн гектары – дәнді, 751 мыңы майлы, 379 мыңы жемшөп және 26,5 мың гектарына көкөніс отырғызылады. Тұқым мәселесінде тапшылық жоқ. Көктемгі егіс науқанын мерзімінде атқару үшін 12 мыңнан астам трактор, 14 мың астық сепкіш, бір жарым мың заманауи жоғары өнімді егіс кешендері, 5 мыңнан астам жүк көлігі тартылмақ. Шаруалар литрі 250 теңге болатын дизель отынымен қамтамасыз етілді. Жалпы облыстағы дала жұмысына 57 мың тоннадан астам дизель отыны қажет. Сондай-ақ, биыл ауыл шаруашылығы саласын мемлекеттік қолдау аясында 60,8 млрд теңге бөлінді. Оның 20 млрд теңгеден астамы өсімдік шаруашылығы саласын дамытуға жұмсалады.

МЕЙРАМ МЕҢДІБАЕВ СҚО АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ЖЕР ҚАТЫНАСТАРЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: «Су тасқынының салдары өте ауыр болып кетті. Дегенмен шаруашылықта қиындық жоқ. Тұқымдар батқан жағдай жоқ. Техника 100 пайыз дайын. Көктемгі ауыл шаруашылығы жұмыстары басталып кетті. Бүгінде 955 мың гектар жерге дақыл егілді. Оның 250 мың гектары майлы дақылдар».