«Іле-Алатау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі тұмса табиғатымызды сақтау мен қалпына келтіру ісінде маңызды рөл атқаратын, ерекше қорғалатын аумақтардың бірі. Сирек кездесетін жануарлар мен өсімдіктердің мекені, саф ауасы мен мөлдір бұлақтары, биік таулары мен жасыл ормандары табиғи мұрамыз деп айтуға болады.
Мұнда еңбек ететін мамандар жануарлар әлемін бақылап, өсімдіктер дүниесін зерттеп, заңсыз аңшылық пен ағаш кесуге қарсы күрес жүргізуде. Сонымен қатар, парк аумағындағы экожүйенің тепе-теңдігін сақтау мақсатында ғылыми-зерттеу жұмыстары мен экологиялық мониторинг шараларын тұрақты түрде жүзеге асырып отырады.Тағы бір ауыз толтырып айта кететін мәселенің бірі табиғатқа деген сүйіспеншілікті жас ұрпақтың бойына сіңіру бағытында белсенді ақпарат жүргізеді.
ПЕРИЗАТ ҚАЙРАТҚЫЗЫ «ІЛЕ-АЛАТАУ» МҰТП АҚСАЙ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТУРИЗМ ИНЖЕНЕРІ
Соңғы жылдары Ұлттық табиғи парктің көркем жерлерін көргісі келетін шетелдік туристер легі артқан. Әсіресе Араб Әмірліктері, Түркия, Ресей, Қырғызстан және Өзбекстан елдерінен келетін қонақтардың қызығушылығы еселене түсіпті. Іле Алатауында туристік әлеуетті жақсарту мақсатында инфрақұрылым да біртіндеп дамып келеді. Экологиялық соқпақтар, демалыс аймақтары, ақпараттық нұсқағыштар мен гид қызметтері туристерге қолайлы жағдай жасап отыр. Сонымен қатар, саяхатшыларға жергілікті халықтың мәдениетімен танысып, ұлттық тағамдардан дәм татуға мүмкіндік беріледі.