Жылқы еті қымбаттамайды. Себебі, елімізде 4 млн бас жылқы бар. «Ұлытаудағы жұтқа қатысты енді ет қымбаттай ма?» деген журналистер сауалына Ауыл шаруашылық министрі осылай жауап берді. Ал, білдей бір облыста ірі қара малдың жаппай қырылып қалуына қолайсыз ауа-райы себеп деген қорытынды жасалған.  Сондай-ақ, тек жергілікті әкімдік қана емес, жауапкершілік шаруалардың өздерінде де бар. Әйтпесе жем-шөп жеткілікті болған деп отыр ведомство басшысы Айдарбек Сапаров. Үкімет отырысынан толығырақ алдағы бейнематериалда. 

Бүгінгі үкімет отырысында  көктемгі дала жұмыстарына дайындық мәселесі қаралды. Алдын-ала болжам бойынша биыл егіс алқабы 23,8 млн гектарды құрайды. Әдеттегідей әлеуметтік маңызы бар және жоғары рентабельді дақылдар көлемін арттыруға басымдық беріледі. Олар: майлы дақылдар, күнбағыс және қант қызылшасы. Былтырмен салыстырғанда бұл дақылдар биыл екі есеге көп егіледі. Жиында үкімет басшысы ауыл шаруашылығы техникаларың әбден тозғанын да бас айтты. Сондай-ақ, дизель отынына қатысты алыпсатарлармен қолдан тапшылық жасауға жол бермеу керектігін қатаң ескертті. 

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ: «Ауыл шаруашылығы техникасының тозуы өткір проблема күйінде қалып отыр. Қазіргі таңда жалпы техника паркінің шамамен 75 пайыздан астамының тозығы жеткен. Бұл мәселе де тиісті шешімді талап етеді. Диқандардың жаңа техниканы сатып алуын жеңілдетіп, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту қажет. Аталған мәселені шешу үшін фермердің өзі төлеп келген алғашқы 15 пайыз жарнаның орнына тікелей лизингтік компанияға инвестициялық субсидия салынуға тиіс».

Үкімет биыл да шаруаларға жеңілдетілген бағада дизель отынын береді. Бүгінде көктемгі егіс науқанына деп 360 мың тонна жанар-жағармай бөлінген.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, ҚР АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МИНИСТРІ:
«Жиынтық өтінім негізінде Энергетика министрлігі дизель отынын тиеп-жөнелту бойынша мұнай өңдеу зауыттарына облыстарды бекітіп беру графигін, сондай-ақ жеңілдікті дизель отынының құнын литріне 250 теңге деңгейінде бекітті (АЖС – литріне 295 теңге). 26 наурыздағы жағдай бойынша мұнай өңдеу зауыттарынан өңірлерге барлығы 67,7 мың тонна (немесе 20 пайыз) дизель отыны тиеп-жөнелтілді».

Айтпақшы, Айдарбек Сапаров үкімет отырысынан соң брифингте Ұлытаудағы жұтқа қатысты түсініктеме берді. Айтуынша, 360 бас жылқы қырылған, бүгінде шығын көлемі анықталуда. Жем-шөп жеткілікті болған, алайда малдар ауа-райының қолайсыздығына байланысты қырылған деді.