Швейцариялық ғалымдар жылуды сезетін протез құрылғысын ойлап тапты. Айтуларынша, бұл өнертабыс функционалдық тұрғыдан емес, эмоционалдық тұрғыдан маңызды.

Бұл осыдан 37 жыл бұрын қолының бір бөлігінен айырылған Фабрицио есімді ер адам. Ол осы уақыт ішінде алғаш рет басқа адамның қол алысуын сезді. Бұған швейцариялық нейроинженерлердің жаңа өнертабысы көмектесті.

ФАБРИЦИО ЖЕНЕВА ТҰРҒЫНЫ: «Менің протез қолым бәрін сезетін болды. Тіпті, ыстық пен суықты сезіну сау қолға қарағанда айқынырақ сияқты».

Ғалымдар заттарды протезбен ұстаған кезде олардың температурасын ажыратуға мүмкіндік беретін «минитач» құрылғысын жасап шығарды. Мысалы, қазір көзін жұмған науқас қай қолын ұстап тұрғанын – нақты ма, әлде жасанды ма, қолын тигізу арқылы анықтауға тырысады.

СОЛЕЙМАН ШОКУР НЕЙРОИНЖЕНЕР: «Мысалы, мен металл мен пластмассаға қол тигізсем, олардың жылу қасиеттеріне байланысты ажырата аламын».

Сондай-ақ ғалымдар бұл өнертабыстың функционалдық тұрғыдан емес, эмоционалдық тұрғыдан маңызды екенін тілге тиек етті.

СОЛЕЙМАН ШОКУР НЕЙРОИНЖЕНЕР: «Бұл туралы бізге науқастардың өздері айтты. Олар үшін басқа біреудің қолын ұстап, жылулықты сезіну маңыздырақ».

Енді өнертапқыштар құрылғыны тұрмыста пайдалануға дайындайды.  «Минитач» кез келген бионикалық протезге біріктірілуі мүмкін. Ғалымдар сенсорларды саусақтарға, алақандарға және шынтаққа орналастыруды жоспарлап отыр.