Шерзат Полаттың ісі бойынша жалғасып жатқан сот отырысында алдыңғы отырыстардың бірінен кейін түсірілген айыпталушылардың кабинадан жымиып шығып келе жатқан сәтін бейнелеген бейнежазба сөз болды. Бұл жазба әлеуметтік желілерде тарап, жұртшылықтың ашуын туғызды.Сот процесінде осыған байланысты дау туды.Судья оқиғаға байланысты тексеріс жүріп жатқанын мәлімдеді. Сондай-ақ, Сотта куәгер Сәкен Әкежановтан сұрақтарға жауап алынды. Ол қайғылы оқиға болған “Қамажай” дүкеніне қарама-қарсы үйде тұрады. Оқиға болған түні ол атылған сияқты дауыс естіген, бірақ ол мотоциклдің дауысы деп ойлаған.
Ол жерде жатқан жігітті ұрып-соққанын айтты, бірақ ол кімді кім ұрғанын байқамаған. Бірақ ол жерде жатқан адамды бір затпен соққанын байқаған. Сот отырысы кезінде тағы бір куәгер куәлік етті. Жанболатұлы Дарын оқиға болған соң қылмыс орнына барғанын айтып, көрген-білгенін баяндады. Ол оқиға орнында екі оқ болғанын және оны бір әйелдің алып кеткенін айтты.