Чехияның Прага қаласында орналасқан қымбат мейрамхана, сол қаладағы төрт бөлмелі пәтер және Біріккен Араб Әмірліктерінде құны 5 млн доллар болатын вилласы бар қазақстан азаматы Delta Bank-тің ақшасын жымқырған кәсіпкер ұсталды. Туыстары мен жақындарының атына қайтарылмайтын несие жазып алып, осының барлығын сатып алған Тілеубаев 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Қаржы мониторинг агенттігінің ресми өкілі Әлібек Әбділов хабарлады.
ӘЛІБЕК ӘБДІЛОВ ҚР ҚАРЖЫ МОНИТОРИНГ АГЕНТТІГІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ: «2012-2017 жылдар аралығында Н. Тілеубаев банктен қаражатты қайтарылмайтын несиелер беру арқылы алып шыққан. Тергеу барысында Н. Тілеубаев пен оның туыстарына тиесілі мүлік анықталып, оған тыйым салу туралы санкция берілді. Оның ішінде Чехияның Прага қаласында орналасқан элиталық мейрамхана, төрт бөлмелі пәтер және 3 компаниядағы 100% акциялары, сондай-ақ БАӘ-дегі құны шамамен 5 млн доллар болатын, Palm Jumeirah-та орналасқан вилла бар. Сонымен қатар, Латвиямен ынтымақтастық аясында халықаралық тергеу кепілдігін жіберу арқылы Латвияда орналасқан «Вентспилс астық терминалының» 100% үлесін қамауға алу санкцияланды. Бұл ретте Н. Тілеубаевқа тиесілі 5 қант зауыты мен 58 нысан Проблемалық несие қорына берілді».