Бүгін Алматыда  «Сауда байланыстары: Жаһандық көпір» атты 13-ші Орталық Азия сауда форумы өз жұмысын бастады.  Оған Азия, Еуропа, Таяу Шығыс, Ұлыбритания, АҚШ елдерінің 300-ден астам бизнес басшылары қатысып  жатыр.

Форумның мақсаты -  Орталық Азия елдері арасындағы сауданы дамыту, одан әрі ілгерлету. Былтыр Қазақстан  мен Орталық Азия елдері арасындағы сауда айналым 7,7 млрд долларға жетті. Алдағы жылдары бұл соманы екі есеге арттыру көзделген.

ҚАЙРАТ ТӨРЕБАЕВ ҚР САУДА ЖӘНЕ ИНТЕГРАЦИЯ ВИЦЕ-МИНИСТРІ: «2023 жылы Қазақстанның саудасы Орта Азия мемлекеттерімен 7,7 млрд.доллорын құрады. Енді осы 5-10 жылдың шамасында біз осы сауданы 2 есе өсіруге мақсат қойып отырмыз. Мысалы: Өзбекстанмен 10 млрд доллорға тауар айналым жеткізу, Қырғыстанмен 3 млрд долларға, Тәжікстанмен 2 млрд долларға және т.б мемлекеттермен де осы Орта Азиядағы сауданы дамыту мақсатын қойып отырмыз».

Орталық Азия елдері теңізге шыға алмайтындықтан, аймақішілік сауда үлкен рөл атқарады. Сауда – кез келген елдің экономикалық дамуының негізгі факторларының бірі.  Сондықтан форумға қатысушылар қағазсыз сауданы, жұмсақ және дәстүрлі инфрақұрылымды, электронды коммерция  сияқты бірқатар мәселені көтерді.  Форум аясында Орталық Азия мемлекеттерінің көрмесі ұйымдастырылды. Онда тамақ, жеңіл өнеркәсіп, бау - бақша дақылдары қойылды.

ТАТЬЯНА БАК  «САН-БИ АЛТАЙ» КОМПАНИЯСЫНЫҢ КОММЕРЦИЯЛЫҚ ДИРЕКТОРЫ: «Біз Шығыс Қазақстандағы омарта шаруашылығының өнімдерін шығаратын отандық өндіруші компаниямыз. Қазақстан нарығында жүргенімізге 13 жыл болды. Сондай-ақ  біздің өнім  Қытай мен Біріккен Араб Әмірліктерінде жоғары сұранысқа ие.  Балдың алуан түрі бар. Жылына  40-50 тонна бал өндіреміз».

Айта кетейік, Орталық Азия елдері соңғы екі онжылдықта айтарлықтай ілгерілеушілікке қол жеткізді. Өткен 20 жыл ішінде өңірдің жалпы ішкі өнімі  орташа есеппен 6,2 пайызға артып, 347 млрд АҚШ долларына жетті.