Сондай – ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Сүлеймен Демирел атындағы университетке барды. Президент жоғары оқу орнының білім беру және ғылыми-зерттеу жұмыстарымен, сондай-ақ университетті одан әрі дамыту стратегиясымен танысты.
Университет ректоры Әлімжан Игенбаевтың айтуынша, мұнда 8500-ден астам студент оқиды. Олардың арасында Орталық Азия, Қытай, Ресей, Моңғолия, Индонезия секілді мемлекеттердің азаматтары бар. Сонымен қатар оқу ордасында 500-ге жуық профессор жұмыс істейді.
Мемлекет басшысына университетте қазақ тілі, Қазақстан тарихы, математика және IT салалары бойынша жобаларды жүзеге асыратын ғылыми-зерттеу институты мен орталықтар, ғылыми зертханалар жұмыс істейтіні туралы баяндалды. Бұдан бөлек, университет шетелдік 70 жоғары оқу орнымен байланыс орнатқан, сондай-ақ Erasmus бағдарламасына, академиялық ұтқырлық пен тәжірибе алмасуға қатысты басқа да жобаларға қатысады.
Қасым-Жомарт Тоқаев жас оқытушылармен, ғалымдармен, студенттермен әңгімелесу барысында білім беру жүйесіне озық әдістерді енгізу маңызды екенін ерекше атап өтті.
Инженерлік және жаратылыстану ғылымдары факультетінің студенттері Мемлекет басшысына «Формула Студент» инженерлік жарыс жобасы аясында өздері құрастырған автокөлікті көрсетті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Сүлеймен Демирел атындағы университетке барған кезде Ангола азаматы, университеттің 4-курс студенті Ферейра Элиша Мемлекет басшысымен қазақ тілінде сөйлесті.
Мемлекет басшысы Алматы облысындағы Республикалық олимпиадалық даярлық базасына да ароалып көрді.
Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаевтың айтуынша,бүгінде атлетикалық манеж, мұз аренасын, көпфункционалды спорт залын, көркем және спорттық гимнастика залын, әкімшілік ғимараты мен қонақ үй салу жұмыстары аяқталды.
Сонымен қатар жүзу бассейнінің, жекпе-жек залының, спорттық атыс алаңының, трибуналары бар стадион мен садақ ататын орынның құрылысы аяқталып келеді.
Президент ТМД-дағы ең ірі спорт кешендерінің бірі саналатын инфрақұрылымды аралап көрді. Халықаралық стандарттарға сай бұл нысан 2300 спортшыға арналған.
Мемлекет басшысына аталған базаның бірегей ерекшелігі туралы айтылды:
Мұнда оқу-жаттығу сабақтарын, емдеу-сауықтыру шараларын, халықаралық және республикалық жарыстар өткізуге арналған 9 жабық спорт ғимараты орналасқан.
Бұдан бөлек, жеңіл және ауыр атлетика, волейбол, баскетбол, шағын футбол, шайбалы хоккей, коньки спорты, бокс, күрестің барлық түрлері, жекпе-жек өнері, су спортының түрлері, спорттық оқ ату, садақ ату секілді спорттың 23 түрі бойынша олимпиадалық резерв пен ұлттық құрама командаларын даярлау жоспарланып отыр.
Президентке атлетикалық манеж бен спортшыларға арналған қонақ үй көрсетілді. Қасым-Жомарт Тоқаев спортшылармен әңгімелесті. Президент бұқаралық және балалар мен жасөспірімдер спортын дамыту маңызды екенін атап өтті.
Кездесу соңында Мемлекет басшысы жас спортшыларға жаңа жеңістер тіледі.