https://www.youtube.com/embed/x1xue6pqyek?si=qzoYfOmcFqIBCXRe

ҚР Әділет вице-министрі Бекболат Молдабеков Қызылорда облысына қарасты Арал ауданының тұрғындарымен онлайн режимде кездесу өткізді. Жиын барысында қолданыстағы заңнама шеңберінде түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Ал, қатысушылар вице-министрмен еркін пікір алмасып, заң тұрғысынан көкейде жүрген сауалдарын қойып, сәйкесінше тұшымды жауаптар алды.

Онлайн режимдегі басқосуға 150-ге жуық аралдық келді. Жиын сұрақ-жауап форматында өтті. Сұрақтардың басым бөлігі заң көмегін электронды форматта алу мүмкіндігі турасында болды.

«Қазіргі таңда сенімхатты «егов мобиль» қосымшасы арқылы нотариустың кеңсесіне бармай-ақ алуға болатын болды. Бұл қуантарлық жағдай. Енді алдағы уақытта нотариаттық іс-әрекеттердің барлығын онлайн алуға болады ма?

БЕКБОЛАТ МОЛДАБЕКОВ ҚР ӘДІЛЕТ ВИЦЕ-МИНИСТРІ

«Енді қазіргі уақытта мүлікті ауыстырмай, тек қана қарапайым сенімхаттармен сол онлайн форматқа жетіп жатырмыз. Бірақтан осы жылдың соңына дейін, барлық қызметті ауыстырамыз деп қарап жатырмыз».

Жалпы заң саласы цифрландырудың жаңа кезеңіне қадам басқан. Мәселен, қазіргі таңда мобильді қосымшаларда 32 құқықтық қызмет бар, оның 28-і «egov mobile» арқылы іске асырылады дейді вице-министр.

Сондай-ақ, тұрғындарды толғандырған сауалдарға жауап берген ол мәселелердің Заң аясында шешімін табатынын жеткізді. Кейбір заң актілеріне енгізілген өзгерістер мен толықтырулар туралы да айтып берді.

БЕКБОЛАТ МОЛДАБЕКОВ ҚР ӘДІЛЕТ ВИЦЕ-МИНИСТРІ

«Құқықтық кеңес беру түрінде заң көмегіне кепілдік беретін адамдар тобы көбейтілді. Енді аз қымтылған және көпбалалы отбасылар, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрьандары, бірініш және екінші санаттағы мүгедектер тегін кеңес ала алады. Сондай-ақ кәсіпкерлік мәселелерді қоспағанда, соттарда тегін заң көмегін қолдана алады.

Теңізді өлкеде өткен онлайн-жиында алимент өндіруге қатысты мәселелер де сөз болды. Мәселен, бүгінде Қызылорда облысында 341 мыңға жуық атқарушылық іс тіркелген. Оның 14 мыңнан астамы алимент өндірісіне қатысты болып отыр. Соның ішінде алимент төлемей жүрген 1500 борышкерге республика аумағынан шығуға уақытша тиым салынған.

НҰРАЛЫ ОСПАНОВ АРАЛ АУДАНЫ АҚСАҚАЛДАР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ

«Осы халық арасында жасалған жұмыстар туралы толық ақпарат берді. Жиналған жұртышылық оны дұрыс қабылдады. Жалпы аудан көлемінде аудандық әділет департаменті, ішкі істер бөлімі барлығы да өз жоспарларына сәйкес халықпен кездесіп тұрады. Халық арасында оларға бөтен пікір жоқ деп айта аламын. Соған байланысты Арал ауданындағы моральдық психологиялық ахуал жақсы. Алдағы уақытта да заң қызметкерлері осындай жиындар жасап, ахуал осындай жақсы деңгейде бола берсін дегім келеді».

НҰРСҰЛТАН АЛДАМҰРАТОВ АРАЛ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ

«Әділет министрлігінің жасап жатқан жұмысы маған жыл басынан бері ұнап келеді. Оны интернет желісінен де бақылып келемін. Соған байланысты менің қойған сұрағым осы әділет минстрлігінің цифрландыру саласында жасалып жатқан қандай жобалар бар, ол халық үшін қаншалықты тиімді деген. Әділет минстрлігі тұшымды жауабын берді. Жасап жатқан жұмыстарына сәттілік тілеймін»

Әділет органдарының міндеттерінің бірі - заң көмегін ұйымдастыру, көрсету және құқықтық насихатты қамтамасыз ету. Сондықтан мұндай басқосулар дәстүрлі түрде өткізіліп тұрмақ.