Қызылорда қаласында 50-ден аса тұрғын үй апаттық деп танылған, олардың басым көбі Тасбөгет кентінде орналасқан. Жергілікті биліктің үстіміздегі жылға жоспарлары бойынша осы санаттағы азаматтарға 100- ден аса пәтер салмақ. 
 
Тасбөгет кентіндегі Есенов көшесі бойындағы үш қабатты үй 2019 жылы тұруға жарамсыз деп танылған. Жыл өткен сайын жағдайы құрып бара жатқан 24 пәтерлік үйді басқа бүгінде барар жері жоқ 8 отбасы паналауда. Қалған тұрғындар бас амандығын ойлап туған туыстарын сағалап кеткен.

АПАТТЫҚ ҮЙДІҢ ТҰРҒЫНЫ:  «Мына жердегі үйді мердігерлер бұзып алып кеткеннен кейін орнын тегістеп кеткен жоқ. Қазір оның ішінде мусор, оның ішінде итте, мысық та өліп жатыр. Ертең күн жылынса сасиды мына араның барлығы. Балалардың ойнайтын жері жоқ, айналаның бәрі мусор. Жаңбыр дауған кезде айналаның барлығы балшық». 

АПАТТЫҚ ҮЙДІҢ ТҰРҒЫНЫ: «Үй бермей ма бізді мынандай жерде отырғызып қойғанша. Я үйімізде жылу жоқ, от жағамыз. Қыстай тоқ пеш қосып шықтым. Кеше екі айға қалада тұрып келдім пәтер жалдап. Өзім безработный адаммын. Жесірмін, көмек қайда мысал үшін. Неге қарамайды, не қарап отыр жоғарыдағылар». 

Былтырғы жылы осындай жағдайдағы 40 отбасыға жаңа пәтердің кілті табысталған. Биылғы жылы да тұрғындарды қуанышты хабармен сүйіншілейміз дейді мамандар. 
 
ГҮЛЬМИРА ПАЗЫЛОВА ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАЛЫҚ ТҰРҒЫН ҮЙ ИНСПЕКЦИЯСЫ БӨЛІМІНІҢ СЕКТОР МЕҢГЕРУШІСІ: «Қазіргі таңда қала бойынша 51 көп қабаттық тұрғын үй апаттық деп танылған. 51 үйдің ішінде 651 азамат кезекке тіркелді. 2019 жылға дейінгі тұрғындар бұл санат бойынша үйлерін алып болды. Бұл кезектілік 2019 жылдан басталып тұр. Жобалап 100-ге жуық азамат пәтер алады деп жоспарланып тұр бүгінгі күнге». 

2021 жылдан бері жалғыз тұрғын үй апаттық деп танылған. Күні бүгінге дейін 193 отбасыға жаңа пәтер кілттері табысталып, тұрғын үй кезегінен шығарылған.