"
Қыс келмей жатып, көмір дауы басталып та кетті. Жауапты ведомство қазақстандықтарға қатты отынды ерте сатып алуға кеңес береді. Әйтпесе, көмір баршаға бірдей жетпей қалуы мүмкін. «Суықты күтпей, қоймаларда қор бар кезде, алып алыңыздар» деген үндеу жасады. Айтпақшы, өнеркәсіп министрлігінің өкілдері көмірдің қазіргі нақты бағасын жария етті. Егер аталған сомадан жоғары сатылып жатқанына куә болсаңыз, жергілікті әкімдіктерге шағымдана аласыз.
ТҰРАР ЖОЛМАҒАМБЕТОВ ҚР ӨҚМ ӨНЕРКӘСІП КОМИТЕТІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Негізінен разрезден тұтынушыға дейінгі барлық кезеңдегі көмір бағасы және теміржол тасымалының құны түпкілікті тұтынушыға ұсынылатын бағаның қалыптасуына айтарлықтай әсер етеді. Айталық, бүгінгі таңда негізгі жеткізушілерден бастағанда баға 7,1 мың теңгеден 9 мың теңгеге дейін құрайды. Негізгі жеткізушілер бойынша айтсақ: «Шұбаркөл Көмір» - 8 мың теңге (өткен жылмен салыстырғанда 900 теңгеге өсім бар), «Қаражыра» - 8,7 мың теңге (өсім - 200 теңгеге), «Майкубен-Вест» - 7 мың 750 теңге (650 теңгеге өсім бар), «Шұбаркөл премиум» - 9 мың теңге (бағасы өзгерген жоқ»). Сондықтан, суықты күтпей, қоймаларда қор бар кезде, сатып алу мүмкін болып тұрғанда алып алыңыздар. Бір аптада 8 млн тоннаны тасымалдау мүмкін емес. Өңірлік көмір операторларының да сату мүмкіндігі шектеулі. Мысалы, ең көп дегенде күніне 100 машина сатады. Ал суық түскенде сұраныс айтарлықтай жоғары болады. Дүрбелең, тапшылық пайда болады».