Ел полицейлері жаңа бейнежетонмен қамтамасыз етілді. Енді тәртіп сақшылары бейнежазбаларды өз бетінше жоя алмайды. Құрылғыны өшіріп немесе өзінің отырған жерін жасыра алмайды. Бұл өз кезегінде еңбек өнімділігін арттырып, жемқорлық фактілерін жояды. Осылайша полицейлер жұмысы жаппай цифравизацияға көшіп жатыр. Үкімет басшысы Әлихан Смайыловқа Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов саладағы тың жаңашылдықтарды көрсетіп, алдағы жоспармен бөлісті.

ӘЛИХАН СМАЙЫЛОВ ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ: «Жалпы ішкі істер министрлігі цифрлық технологияларға жақсы дұрыс көңіл бөліп отыр. Жақсы, қуантарлық жағдай. Үкімет бұл жұмысты өз тарапынан қашанда кеңінен қолдайды. Сондықтан бұндай инциативаларды біз барынша қаржыландыруға тырысып отырмыз. Жылдан-жылға бұл жұмысты ұлғайту керек, неге десеңіз бұл әр мемлекеттік органның жұмысының тиімділігін айтарлықтай көтереді».

Айтпақшы, жақында «Қорғау» атты жаңа жүйе іске қосылмақшы. Бұл бағдарлама көше камераларынан алынған деректерді талдай отырып, жақын маңдағы полиция қызметкерінің планшетіне қауіпті жүргізушінің келе жатқаны туралы сигнал береді. Бұл жол қозғалысы ережелерін қасақана бұзушы, я жоғары жылдамдықпен келе жатқан көлік жүргізушісі де болуы мүмкін. Сондықтан, бұдан былай көлік жүргізуші болсын, жаяу жүргінші болсын жол ережесін қатаң сақтап, тәртіпке бағынып жүруіне тура келеді.