Су тасқынына қарсы шараларды Премьер-Министр жіті бақылауына алған. Өзі өңірлерді аралап, дайындықты көзбен көріп жүр. Бірінші орынбасары Роман Скляр да бірге. Жер-жердегі жедел штабтар тәулік бойы жұмысты тоқтатпайды. Бүгін Үкімет басшысының тапсырмасымен Солтүстік өңірге Қорғаныс министрлігінің қосымша 300 әскери қызметшісі келіп қосылды. 

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ: «Жұмысқа жеке құрам мен Ұлттық ұлан жұмылдырылды. Полк те күшейтіледі. Қорғаныс министрлігі қосылды, сондықтан күш жеткілікті болуы керек. Қазір күш біріктіруіміз керек. Алдағы 2-3 күнде ауыр зардаптардың алдын алу үшін көп жұмыс істеу керек. Ең алдымен адамдар зардап шекпеуі маңызды». 

Теріскейдегі Петропавл қаласына қауіп төніп тұр. Сергеевка су қоймасы арнасынан асуы мүмкін. Салдарынан 3 аудан мен қаланы су басуы мүмкін деген болжам жасалды. Өңірге Түркістан, Павлодар, Қарағанды облыстарынан құтқарушылар мен еріктілер көмекке келген. Ал, Павлодарда болса жағдай тұрақталды. Бұл аймақта қарғын су салдарынан 38 баспана бүлінген еді. Алғашқы 24 үйдің қожайыны мемлекеттік өтемақыны алды деді өңір басшысы.