Ұлттық қордан балаларға қаражат беруді көздейтін заң ақыры мақұлданды. Бүгін Мәжіліс депутаттары сенаторлар енгізген өзгерістермен келісті. Жаңа заң күшіне енсе 18 жасқа толған әр балағаның шотына Ұлттық қордан 3,5 мың доллар түседі. Бұл ақшаны баланың ата-анасы мен туыстары ала ала ма? Мәжілісте көтерілген мәселелер жайлы толығырақ алдағы бейнематериалда.

Ұлттық қордан балаларға берілетін қаражатты бала кәмелетке толған кезде екі жағдайда ғана пайдалануға рұқсат. Бірі тұрғын үй жағдайын жақсартуға, екіншісі білім алуына. Шоттағы ақшаны емге жұмсау мүмкіндігі қарастырылмаған. Қаражатты мерзімінен бұрын шешіп алуға да тыйым салынады. Ал, егер бала 18 жасқа дейін жазатайым оқиғаға ұшырап қайтыс болып кетсе жиналған қаражат ата-анасында қалады немесе сол отбасындағы басқа балалардың арасында теңдей бөлінеді.

БЕРІК БЕЙСЕНҒАЛИЕВ ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ: «Ағымдағы жылы Мәжіліс 23 қыркүйекте қабылдаған заң жобасы Сенат қарауына жіберілген еді. 13 қазанда Сенат заң жобасын кері қайтарды. Заңға 10 түзету енгізілді. Сенат енгізілген түзетулер заң жобасының тұжырымдамалық ережелерін өзгертпейді. Жоғары айтылғандарды ескеріп, комитет Сенат енгізген өзгерістермен және толықтырулармен келісуді ұсынады».

Балалар демекші бүгін Мәжілісте мүмкіндігі шектеулі бүлдіршіндердің жан айқайы сөз болды. Депутат Нартай Аралбай естімейтін балалардың мүшкіл хәлін естуші үкімет естісе екен дейді.

НАРТАЙ АРАЛБАЙҰЛЫ ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:  «Бүгінгі депутаттық сауалым  3 мың баланың көз жасы, 6 мың ата-ананың аялы алақанымен қалқалап өшіріп алмауға ұмтылған үмітінің соңғы сәулесі деп біліңіз. Қазақ «бай күйігі – сыртта, бала күйігі – іште» дейді. Қазақстандағы 3 мың баланың көңілдегі күйік  микротия және атрезия патологиясы деп аталады. Қарапайым тілге салсақ, бұл бөбектердің өмірге құлақсыз келуі. Қазір осындай 3 мыңнан астам баланың болашағына балта шабылмаса екен деген мыңдаған ата-ана шырылдап жүр. Біріншіден, бір құлағы жоқ болып дүние есігін ашқан сәбилер мүгедек боп танылмайды. Зейнетақы алмайды. Біздің елде мүгедектік алу үшін екі құлағың да болмауы керек екен. Қазақ «Баланың ұяты – әкеге, Қыздың ұяты – шешеге» дейді, ал құлақсыз туылған бөбектердің жанайқайын естімейтін құлағы бар биліктің ұяты кімге?»

Осылай деген мәжіліс депутаты микротия және атрезия патологиясына шалдығып бір құлақсыз туған балаларға да «мүгедектік» яки жәрдемақы мен төлемдердің төленуін сұрады және «Қазақстан халқы» қоры науқас балалардың АҚШ-қа баруып ем алуына жағдай жасап, тиісті қаржыны бөлу қажет дейді. Әйтпесе, науқас балалардың ата-анасында ондай қомақты қаражат жоқ. Ал, ауыл партиясынан сайланған депутаттар болса халықтың бар қаржысы емге де демалуға да емес тек азық-түлікке кетіп жатыр деп, қымбатшылықты сынады.

АНАС БАҚҚОЖАЕВ ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ: «Азық-түлік қымбат. Оны жақсы білесіз. Қазақстандықтардың тапқанының 60 пайызын азық-түлікке жұмсайды. Еуропаның дамыған елдерінде бұл көрсеткіш 11-35 пайыз аралығында. Санкцияның астында қалған ресейліктер қазақстандықтарға қарағанда азық-түлікке екі есе аз шығындалады. Азық-түлік бағасының тұрақсыздығы оның қымбаттауына себепкер болып отырған қаланың көтерме базарлары. Сол базарды торлаған делдалдар. Бұларды ұйымдасқан топ деп атауға болады».

Осылай деген мәжілісмен арадағы алып-сатарлардың жолын кесу керек дейді. Депутаттың айтуынша егер делдал жойылса, баға 50 пайызға төмендейді-мыс. Сондықтан, бұл жұмысты Сауда министрлігі мен Үкімет бірлесе шешу қажет деп министр атына сауал жолдады.