Ақмола облысының  аумағында орналасқан жүзден астам елді мекен интернет желісінен жұрдай. Айта-айта ауыздары талған ауылдық ағайындар ғаламтордың ғажайып құдіретінен күдерін үзе бастапты.

Ақмола облысындағы 600-ге жуық елді мекеннің 400 астамы 2G, 206-сы  3G, 227-сі 4G интернетпен қамтылған. Жыл соңына дейін тұрғындар саны жүзден кем болмайтын  ауылға Kazsat интернетін тарту көзделген. Әзірге, тек 31 елді мекенде ғана жүзеге асқан. Кей жерлерде байланыс пен интернет сапасының сын көтермейтіні де жасырын емес. Айталық, былтыр 42 ауылдың тұрғындарынан шағым түсіп, нәтижесінде 3 байланыс операторына 64 миллион теңге көлемінде айыппұл салыныпты. 

БАУЫРЖАН РАПИКОВ АҚМОЛА ОБЛЫСТЫҚ ЦИФРЛАНДЫРУ ЖӘНЕ МҰРАҒАТТАР БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: «Әр оператордың өзінің елді мекендеріндегі олқылықтары бар. Не себепті салынды, өйткені бұл операторлардың сол елді мекендердегі өздерінің алған міндеттемелеріне сәйкес қызмет көрсетпеулері.Бұл бизнес болғандықтан операторлар да өз құқығын қорғауға міндетті. Олардың сондай құқықтары бар. Сол себептен көп мәселелер сот арқылы шешіледі». 

Қазіргі таңда интернет және байланыс сапасын жақсарту үшін құрылғыларды ауыстыру, жаңғырту жұмыстары жалғасуда.  

БАУЫРЖАН РАПИКОВ АҚМОЛА ОБЛЫСТЫҚ ЦИФРЛАНДЫРУ ЖӘНЕ МҰРАҒАТТАР БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: «Жобаны іске асыру цифрлық алшақтықты азайтуға және ауылдық аймақтардағы цифрлық сауаттылық деңгейін арттыруға ықпал етеді. Қазіргі уақытта Интернетке қосылу 10 пилоттық жоба республикада іске қосылған. Сол пилоттық жобалардың нәтижесі бойынша интернет жылдамдығы 150-200 мбит шамасында орта есеппен болып тұр. Бізге бұл жобаға кірген елді мекен Майшұқыр, Қорғалжын ауданында. Қазір сол Майшұқыр ауылындағы 32 бала оқитын мектепте интернет жылдамдығы жоғары Starlink жұмыс істеп тұр». 

Көкшетау қаласының тұрғындары алдағы уақытта 5G интернетпен толық қамтылады. Әзірге, жылдам интернет желісі қаланың 7 нүктесінде іске қосылған. Ал ғаламтордың қандай екенін көрмеген кей бір ауылдық аймақтардың күтуден басқа амалы жоқ.