Көрнекті тілтанушы ғалым, қазақ фразеологиясы саласында ерекше орны бар филология ғылымдарының докторы, профессор Гүлдархан Нұрғазықызы 75 жаста. Қара шаңырақ Әл-Фараби атындағы ұлттық университет ғалым мерейтойын мазмұнды, мағыналы халықаралық жиынмен атап өтті. «Тіл және мәдениет контекстіндегі құндылықтар жүйесі» тақырыбымен ұйымдастырылған ғылыми-теориялық конференция тек еліміздің ғана емес, алыс-жақын түркі елдеріндегі ғалымдардың басын қосты. 

Ұстаз – ұлы есім. ҚазҰУ қабырғасында профессор Гүлдархан Нұрғазықызының 75 жылдық мерейтойы ерекше леппен өтті.  Жарты ғасырлық ғұмырын қазақ ғылымының дамуына арнаған ғалым еңбегі өлшеусіз. Содан да болар, халықаралық ғылыми-теориялық конференцияға жиылған жан көп. Онда Гүлдархан Смағұлованың қазақ фразеологиясындағы өлшеусіз еңбегі, заман талабына сай жасанды интеллектпен тілді байланыстыру, көркем сөз тіркесіндегі құндылықтар көрінісін айшықтау, философиямен бай ой ұғымын ашу сынды өзекті мәселелер терең қозғалды.

ДИНА ӘЛКЕБАЕВА, ФИЛОЛОГИЯ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ, ПРОФЕССОР

ТҰРСЫН ҒАБИТОВ, ФИЛОСОФИЯ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ, ПРОФЕССОР

КЕНЖЕТАЙ КҮРКЕБАЕВ, ФИЛОЛОГИЯ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ КАНДИДАТЫ, АҒА ОҚЫТУШЫ

Алматы облысы, Кеген ауылында дүниеге келген ғалымның бүгінде 350-ден астам ғылыми-танымдық және әдістемелік мақаласы мен 2 монография, 3 оқулық, 11 оқу құралы қалың көпшілікке ұсынылған. Сондай-ақ, ұстаздық жолында  25 ғылым кандидаты мен 2 ғылым докторы, 5 философия докторын (PhD) дайындап, елімізде танымал ғылыми мектеп қалыптастырды. Ал шәкірттері ұстаз салған ізбен республиканың барлық аймақтарында қазақ тіл білімінің дамуына өз үлестерін қосуда.

КҮЛДІРСІН САРЫШЕВА, ҚАУЫМДАСТЫРЫЛҒАН ПРОФЕССОР, ШӘКІРТІ
 
Гүлдархан Нұрғазықызы тек ел ішінде ғана емес, алыс-жақын шетелге де танымал ғалым. Оның ұзақ жылдар бойы өзі таңдаған салада жазылған мағыналы еңбегі, тағлымы мол зерттеуі бірнеше буынға мазмұнды мұра болары сөзсіз.