Абай облысы, Бесқарағай ауданы, Жетіжар ауылында сібір жарасына байланысты төтенше жағдай енгізілді. Қазір оның себептерін анықтау үшін тексеру жұмыстары басталды. Сондай-ақ Жетіжар ауылының кіре берісіне санитарлық бекет орнатылды. Ауылдан ауыл шаруашылығы өнімдерін шығаруға уақытша шектеу қойылды. Төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі жоспардан тыс облыстық комиссияның отырысында халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жергілікті ауқымда табиғи төтенше жағдай жариялау туралы шешім қабылданды. Ал сібір жарасын жұқтырып алуы мүмкін деген тұрғын полимеразалық тізбекті реакция тестін тапсырды, ауру расталған жоқ.
АЛМАС ТАСТЕНБЕКОВ, АБАЙ ОБЛЫСЫ БЕСҚАРАҒАЙ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
«Бесқарағай ауданы Жетіжар ауылының тұрғыны сібір ауруына шалдыққан деген күдікке ілінді. Қазіргі таңда науқастан экспрес тест алынып ол расталмады. Тұрғындарды қауыпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында облыстық және аудандық кезектен тыс төтенше жағдайлар отырысы өткізіліп, жергілікті деңгейде төтенше жағдай жариялау туралы шешім қабылданды. Қазіргі таңда блок посттар орнатылып, арнайы зерттеулерге пробалар алынып, тексеру жұмыстары және де пайда болу орындары анықталуда».