Жаңа оқу жылынан бастап Алматы қаласында Ерболат Досаевтың тапсырмасымен «Мектеп автобусы» пилоттық жобасы іске қосылған болатын. Бүгін қалалық білім басқармасының басшысы Ләззат Жылқыбаевамен жобаның таныстырылымы өтті.
Алматы қаласында жалпы білім беретін 215 мектеп бар. Бұл автобустар қаладағы қажеттілігі жоғары 30 мектепке қызмет жасамақ, күніне 8258 оқушыны тасымалдамақ. Ағымдағы жылы қалалық білім басқармасының қолдауымен «АлматыЭлектротранс» ЖШС 100 мектеп автобусын сатып алған.Оған жергілікті әкімдік тарапынан 1,4 млрд теңге қаражат бөлінген. Шаһарда бала санының артуына байланысты,тағы да 50 автобус алынбақ.Ол келесі жылы жүзеге асатын болады.
ЛӘЗЗАТ ЖЫЛҚЫБАЕВА АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: «Бүгінгі таңда 8258 бала. Бірақта, күннен күнге мектептерден, ата-аналардан сұраныс түсіп отыр. Сондықтан, менің негізгі бұл жердегі айтайын дегенім, бұл жоба тоқтап қалмайды. Ары қарай қажеттілікке байланысты жалғасын табады. Мысалы, қазір біз жалпы қала бойынша қазір12500 астам қажеттілік бар екенін көріп отырмыз. Сондықтан, келесі 2024 жылға біз тағы да 50 автобус қосуды жоспарлап отырмыз. Егер де, одан да көп туындайтын болса, Алматы қаласының әкімдігінде бұны да ары қарай ұлғайтуға, көбейтуге толық мүмкіншіліктері бар».
Мектеп автобустары барлық халықаралық қауіпсіздік стандарттары мен техникалық талаптарға сәйкес жасалынған. Автобустың ішіне: апаттық шығу, қауіпсіздік белдіктері, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған пандус, өрт қауіпсіздігі жүйесі және бейнебақылау камералары орнатылған.Әр мектеп бойынша маршруттық парақтар әзірленген. Тасымалдау уақыты кезінде автобустың ішінде 1 мектеп қызметкері жетекшілік етеді.