Алматыда таңғы сағат төрт шамасында басталған жаңбыр әлі жауып тұр. Кей жерлерде жаяу жүргіншілер жолы мен көшелерді су басты. Коммуналдық қызметтер тәулік бойы жұмыс істеп жатыр.
Мегаполисте таңертеңнен басталған жаңбыр толастар емес. Синоптиктердің болжауынша, жауын 17 сәуірге дейін жауады. Қалаға 28 мм көлемінде жаңбыр жауды. Әлеуметтік желіде алматылықтар таңғы уақытта түсірілген фото және видеолармен бөлісіп жатыр.Кадрлардан жол бойында судың жиналып қалғанын көруге болады. Сондай-ақ қаланың көптеген көшелері, соның ішінде Саин, Момышұлы көшелері мен Райымбек даңғылы су астында қалды. Сонымен қатар, жер асты өткелдеріне су толтырып, тұрғындарға қосымша қиындықтар туғызды.Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, бүгін 12 аумаққа су жиналған. Оның алтауы жеке тұрғын үй. Оған себеп арық желілерінің бітелуі. Алматы қаласының Коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасынан атап өткендей, күндізгі ауысымға 425 бірлік арнайы техника және 802 жұмысшы жұмылдырылды. 2,3 мың қап құм дайындалды. Аудан әкімдіктерінде жұмысты бақылау үшін тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды.Қала арқылы Ақсай, Қарғалы, Үлкен және Кіші Алматы өзендері ағады. Жауын-шашынға байланысты өзендерде су деңгейі көтерілді. ТЖД мен «Қазселденқорғау» мекемесінің мамандары өзендерден қауіп жоқ екенін айтып сендірді.