"

Ауғанстанда Герат провинциясында орын алған күшті жер сілкінісінің құрбандар саны артып келеді. Әр отбасы кем дегенде 3-4 адамынан айырылып отыр.

Ауғанстандық  Абдул Латиф таяудағы жер сілкінісі кезінде төрт бірдей туысынан айырылды. Оның үйі толығымен қираған. Ол әрі қарай не істерімді білмеймін,тіпті өмір сүргім келмейді дейді.

АБДУЛ ЛАТИФ ГЕРАТ ПРОВИНЦИЯСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: «Ауылдағы әр үйде бірнеше қаза тапқан жандар бар. Барлық үйлер қирап қалды. Бір үйде бірден тоғыз адам қайтыс болды».

Ауғанстандық қарт әже Пари Гюл де туған-туыстарын жоқтап отыр.

ПАРИ ГЮЛЬ ГЕРАТ ПРОВИНЦИЯСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
«Менің екі немерем қайтыс болды. Мен бәрін жоғалттым. Барлығы үйінді астында қалды».

Магнитудасы 6,3 болатын күшті жер сілкінісі орын аған алғашқы дүмпуден кейін тағы сегіз күшті дүмпу болды. Герат қаласы, сонымен қатар жақын маңдағы ауылдар зардап шегіп 20-сы толығымен жойылған. Қазірдің өзінде 3000-ға жуық адам қаза тапқан. Әлсіз дүмпулер әлі де сезіледі. Адамдар үйінділерді тазалауды жалғастыруда, сонымен қатар көмек күтуде. Көбісі ашық аспан астында түнеуге мәжбүр.

АТАУЛЛА ГЕРАТ ПРОВИНЦИЯСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
«Біз билік пен гуманитарлық ұйымдардың бізге назар аударып, суықтан өлмеуіміз үшін баспана мен тамақ беруін қалаймыз».

ДДҰ Ауғанстанға  көмек қажет екенін айтады. Мұнда денсаулық сақтау жүйесі түгел дерлік жойылды: ауруханалар аз, дәрі-дәрмек жеткіліксіз. Жер сілкінісінен кем дегенде 10 мыңға жуық адам, соның ішінде балалар мен әйелдер зардап шекті. Дәрігерлер мұндай жүктемені көтере алмай отыр. ДДҰ халықаралық донорларды Ауғанстанға бес миллион доллар беруге шақырды. Әзірге бірнеше ел ғана жауап берді.