Ақмола облысында ондаған жұмысшы 2 жылға жуық маңдай термен тапқан еңбекақыларын ала алмай жүр. Олар Көкшетаудағы 9-шы орта мектептің құрылысында еңбек еткен. Әділдік іздеп әлек болған жұмысшылар «НИКС Инжиниринг Групп» мердігер ұйымының басшысын кінәлап отыр.
Айта кетейік бұл ұйым сот рәсімдерінің қорытындысы бойынша міндеттемелерді дұрыс орындамағаны үшін қара тізімге ілінген. Құрылыс нысанында бірнеше шағын компания да кейбір жұмыстарды атқарған. Енді сол мекемелер жұмысшылар алдындағы қарызды өтеу үшін мүліктерін сатып, тіпті несие алуға да мәжбүр болған.
ОЛЬГА ӘБІЛОВА, ШАҒЫН КОМПАНИЯНЫҢ ИЕСІ:«Бір әрдайым жалақының тең жартысын алып отырдық. Толық ешқашан алған емеспіз. Сондықтан қарызға белшеден баттық. Миға қонымсыз дүние. Облыстық басқармаға берді, одан соң қаладан қайта облысқа берілді. Демек, бұл ақша әрі-бері жүргенде бір жерде тұрып қалуы да мүмкін ғой. Мектеп қолданысқа берілді. Соңына дейін үмітімізді үзген жоқпыз, қарызымызды қайтарады деп сендік».
Таңат Әлібеков те нысанды салу кезінде учаске бастығы болып жұмыс істеген. Мердігер ұйымның төлемеген қарызы 3 миллион теңгеден асады.
ТАҢАТ ӘЛІБЕКОВ, БҰРЫНҒЫ УЧАСКЕ БАСТЫҒЫ: «Салық қызметі мен еңбек инспекциясы қайда қарап отырғанына таң қаламын. Біз біреудің ақшасын есептемейміз. Адал еңбегіміздің өтеуін қайтарса болғаны. Әркім адал еңбегінің табысын сұрайды».
Шағымданушылар қалған ақшаны төлейміз деген құр уәден шаршаған. «НИКС Инжиниринг Групп» мердігер ұйымының директоры Владимир Пинчук жұмысшыларға 2-3 айдың ішінде толық қарызды өтейтінін айтып сендіріп отыр.
ВЛАДИМИР ПИНЧУК, «НИКС ИНЖИНИРИНГ ГРУПП ИВ»МЕРДІГЕР ҰЙЫМЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: «Қарыз бізбен арадағы келісім-шарт бұзылып, жосықсыз тұлғаларды есепке алу журналына жіберілгендіктен, осындай қиындыққа тап болып отырмыз. Бүгінгі күні компания жұмыс істеп жатқан жоқ. Бірақ қарызды өтеу үшін қаражат іздестіріп жатырмыз. Жұмысшылар алдындағы қарыздан бас тартпаймыз».
Бұрынғы жұмысшылар да қол қусырып қарап отырған жоқ. Олар құзырлы орғандарға хабарласып, облыс әкімдігіне ұжымдық хат та жолдады. Алайда, мәселе әлі күнге дейін шешімін тапқан жоқ. Жалақы проблемасы шешілмесе, жұмысшылар Мемлекет басшысынан көмек сұрамақ ниетте.