Ақтауда магистральді құбыр жарылып, салдарынан қаладағы 16 бірдей шағын аудан мен балабақшалар жылусыз, ыстық сусыз қалды. Ескірген желілер жоғары қысымға төтеп бере алар емес - дейді мамандар. Күні кеше жарылған құбыр 40 жылдан бері жөндеу көрмеген екен. Қара суықта бүрсең қаққан ақтаулық тұрғындар шаруаның тездетіп шешілуін талап етіп отыр.
Жылу жүйесін қалыпқа келтіру үшін жедел штаб құрылып, мамандар түн ішінде 9 метрлік құбырды ауыстырған. Қара суықта бүрсең қаққан ақтаулық тұрғындар магистральдық желілердің әбден тозғанын айтып шағымданды.
«Мен төменгі ықшамауданда тұрамын. Ол жерде қазір жылу бар. Ал жоғарғы шағын ауданның көп жерінде жылу жоқ. Мысалы мына жердің дәл осылай қазулы күйде тұрғанына бір ай болады. Ал мына екі араны кеше қазды. Ыстық су жайылып, көлік қозғалысына кедергі келтірді».
Биліктегілердің сөзіне сенсек, апат болған магистральдық желі 40 жылдан бері ауыстырылмаған. Оған қоса, шаһардағы жылу құбырларының 72 пайызы әбден тозған екен. Ал коммуналдық қызмет мамандары ескірген желілер жоғары қысыммен берілетін жылуға шыдамайтынын айтты.
ИСЛЯМ ҮСЕНОВ - «КАСПИЙ ЖЫЛУ, СУ АРНАСЫ» МКК БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Бұл магистральдық құбыр болғандықтан, гидравликалық соққының алдын алу үшін және оның жарылмауы үшін құбырды біртіндеп толтырып жатырмыз. Толық толтырып болған соң, жылу қысымын көтереміз. Содан кейін қызмет көрсетуші компаниялар өз тарапынан жылу түйінін ашып, құбырдағы ауаны қалыпқа келтіруі тиіс. Содан кейін тұрғын үйлер мен нысандарға жылу беріле бастайды».
Апатты жағдайдан кейін балабақшалар жұмысын уақытша тоқтатқан. Барлық мектептер мен колледждер онлайн оқуға көшті. Ал Маңғыстау облысында ауа райы күрт бұзылды. Көктайғақ, бұрқасын. Қала мен аудандарды байланыстыратын тас жолдар жабылды. Себебі көлік қозғалысы қиындаған. Желдің жылдамдығы секундына 25 метрге жетті.