Салық саясатында бизнес пен мемлекет мүддесінің тепе-теңдігі керек. Осылай деген сенаторлар кәсіпкерлерге салынатын қосымша құн салығы саясатын үкімет қайта қарауы тиіс деп санайды. Айтуларынша, құн салығының көтерілуі бизнесмендерді алаңдатып отыр. Алайда, жауапты министрлік кәсіпкерлердің алаңдауына негіз жоқ дейді. 2024 жылдан бастап Қазақстанда бизнесті тексеру екі есеге азаяды, айыппұлдар саны да бірнеше есеге қысқартылады деп сендірді.
ӘЛІБЕК ҚУАНТЫРОВ ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІ: «Тәуекелдерді басқару жүйесі (ТБЖ) автоматтандырылады, ол 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап адамның қатысуынсыз тексерулерді тағайындауға мүмкіндік береді. Нәтижесінде бизнесті жоспарлы тексеру 2 есе және айыппұлдар саны бірнеше есе азаяды».
Айта кетейік, соңғы жылдары шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 46,5 пайызға артқан. Оған түрлі мемлекеттік бағдарламалар сеп болуда. Жастар да әйелдер де, жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлер де үкіметтен жеңілдетілген несие алып, кәсіп бастай алады.