Күллі қоғамды дүр сілкіндірген оқиға экс-шенеуніктің өз әйелін аяусыз өлтіргені жайлы ақпаратты ІІМ растады. Алайда, тергеу жұмыстары жүріп жатқандықтан, өзге деректер жария етілмейді деп қысқа қайырды.
СӘКЕН СӘРСЕНОВ ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
«Қазір осы іспен тергеу департаментінің қызметкерлері айналысып жатыр. Қалған бар ақпарат тергеу нәтижесі бойынша жарияланатын болады.Ол ұсталды, қазір тергеу шаралары өтіп жатыр. Қалғанына пікір білдіре алмаймын. Жұмыс аясында қосымша мәлімет беріледі».
Бұл үлкен қылмыс деген Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев отбасындағы зорлық-зомбылықты тек заң ғана реттей алмайды дейді. Түсіндіру, ағарту жұмыстары қажет деп санайтынын айтты.
МӘУЛЕН ӘШІМБАЕВ ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:
«Егер заңнаманы ары қарай күшейту керек болса, біз оған дайынбыз. Біз оған дейін де оны жасадық. Егер ары қарай да қоғам талабы болса, біз мамандармен ақылдаса отырып, ол қадамдарға да барамыз. Оған күмән болмауы керек. Тек заңнаманы өзгертумен бұл мәселені шешуге болмайды. Жалпы заңдарды қатайтқаннан мәселе шешіліп кетпейді. Сонымен қатар, жалпы адамдардың, жастардың мәдениет деңгейін де көтеру керек секілді. Елімізде осындай бағыттарда азаматтарымыздың мәдениетіне қатысты да үлкен жұмыстарды жүргізу керек деп ойлаймын. Бұл бағыттарда тиісті министрліктер, мемлекеттік органдар жұмыстарды атқарып жатыр. Бірақ ол жеткіліксіз шығар. Жалпы түсіндіру, ағарту жұмыстары керек екені анық».