Мектеп бітіру кеші – мектеп тарихына енетін көңілді әрі есте қалатын оқиға. Биыл 11 сыныпты 186 мың түлек бітірді. Оның ішінде 7 420-сы "Алтын белгі" белгісімен марапатталса, 13 727 түлек жалпы орта білім туралы үздік аттестатқа ие болған. Сондай қуанышты күнде түсірілім тобымыз Шәмшә Беркімбаева атындағы қыздарға арналған лицейге барып қайтқан болатын.
Бұл – бітіруші түлектер үшін де, ұстаздар мен ата - аналар үшін де қуанышты, салтанатты сәт. Бүгінде Шәмшә Беркімбаева атындағы қыздарға арналған лицейде үздік оқып, білім алған 50 түлектің 3 оқушысы «Алтын белгіге» үміткер болса, 10 түлек «Ерекше үлгідегі аттестатқа» ие болып, өз білімдерін дәлелдей алды.
ТАМЕР ГЮР АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ Ш.БЕРКІМБАЕВА АТЫНДАҒЫ ҚЫЗДАРҒА АРНАЛҒАН ЛИЦЕЙДІҢ ДИРЕКТОРЫ «Лицейімізге 7 сыныптан бастап, оқушыларды емтихан арқылы қабылдаймыз. Мектебіміз құндылықтарға арналған. Оқушыларымыз олимпиада бойынша алғашқы 100 мектептің ішінде».
ГҮЛНАЗ ОРАЛХАНҚЫЗЫ АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ Ш.БЕРКІМБАЕВА АТЫНДАҒЫ ҚЫЗДАРҒА АРНАЛҒАН ЛИЦЕЙ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОҚУ-ІСІ ЖӨНІНДЕГІ ОРЫНБАСАРЫ «Жалпы біздің лицейімізде 340 оқушы бар. Мектепте жаратылыстану пәндері ағылшын тілінде өтеді. Бітірген оқушыларымыз 4 тілді меңгеріп шығады. Олар: қазақ, орыс, ағылшын, түрік тілін меңгеріп шығады»
Сапалы білім мен саналы тәрбие берген ұстаздардың еңбегін елеп, алақанына аялап өсірген ата-аналарының үмітін ақтап, биікке самғағалы тұрған түлектердің қос қанаттары да оқушыларға сәт сапар тілеп, өз жылы лебіздерін білдірді.
МАҚПАЛ ҚАНАТБЕКҚЫЗЫ АТА-АНА «Бүгін міне өте керемет кеш, керемет күн. Өте қуанышқа толы күн. Себебі, Ажарлымыз мектепті өте жақсы нәтижемен аяқтап жатыр. Алтын белгісін алуға келіп тұрмыз. Өте қатты толқудамыз. Сондықтан, биыл мектеп бітіріп жатқан түлектердің барлығына ақ жол тілеймін.»
ҚАЙРАТ ЖОЛДЫБАЙҰЛЫ ЖАЗУШЫ, АТА-АНА «Балалардың бойындағы әртүрлі қабілеттердің жақсы жетілуіне, жан-жақты кемелденуіне әр ұстаз ұжым болып жұмыс істеді, қызмет етті. Біз оған куә болдық. Мектептің жұмысына дән ризамыз. Ал, балаларға тек сәттілік тілейміз».
Алматы қаласының беделді де бірегей білім ордасында білімгердің тұлғалық қалыптасуын, сауатты әрі бәсекеге қабілетті болып дамуы үшін толық жағдай жасалған. Жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарға негізделген білім орнының түлектері де 5 жыл білім берген алтын ұстаздарға дән ризамыз дейді.
АЖАРЛЫ БАУЫРЖАНҚЫЗЫ ЖАС ТҮЛЕК «Бүгін мен үшін ерекше күн. Толқып тұрмын. 5 жыл оқыған лицейімді ешқашан қимаспын. Мәңгілік сағынатын боламын. Достарыма, мұғалімдеріме сәттілік тілеймін әрі оларды қатты жақсы көремін. Тек ақ жол тілеймін».
АМИНА ЕРКІНҚЫЗЫ ЖАС ТҮЛЕК «Бұл жерде менің ең жақсы есте қалар күндерім мен бақытты сәттерім өтті. Лицей маған көп мүмкіндіктер сыйлады. Алдағы уақытта Лондон қаласына барып достарыммен бірге оқуды жалғастырмақпын»
Түлектердің жанынан әркез табылған тәрбиеші ұстаздар да жүрек жарды тілектерін жеткізді. Сондай-ақ, Райхан ханым қанат қағып ұшып бара жатқан сүйікті оқушысына ақ жол тілеп, түлегінің артылған үлкен жүкті ақтай алатынына кәміл сенімдімін дейді.
РАЙХАН АМАНЖОЛ 11 «А» СЫНЫБЫНЫҢ ТӘРБИЕШІСІ «Ол әрдайым сыныптағы лидер, белсенді, жарқырап жүретін қыздардың бірі. Менің көмекшім. Ажарлыдай оқушыларымның болғанына өте қатты қуаныштымын»
Бізде ақылына білімі сай тәуелсіз елдің жастарына әрқашан сенім биігінен шыға білулеріне тілектеспіз!