Бұдан былай жалпыға бірдей кредит беріле бермейді. Несие рәсімдеу қиындайды. Бүгін Мәжіліс жаңа құжатты қабылдады. 90 күннен асқан берешегі барлар мен табысы жоқ жастарды енді банк мүлдем маңайына да жолатпайтын болады. Толығырақ алдағы бейнематериалда.

Қазақстанда қарыз алушылар саны күрт артқан. Сыйақысы мен пайызы көп банктер мәселесі бүгін Парламент қабырғасында сөз болды. Несиеге белшеден батқандар туралы бұған дейін де мәжілісте бірнеше мәрте айтылып, депуататтық сауал жолданған болатын. Ақыры жаңа заң мәжіліске бүгін жетті. 

ҮНЗИЛА ШАПАҚ ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ: «2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 8,5 миллион қазақстандықтың қаржы ұйымдарының алдында 19 трлн теңге сомасына берешегі бар, оның ішінде 8,2 миллион азаматтың кепілсіз тұтынушылық кредиттер бойынша берешегі 10 трлн теңге. Бұл ретте 1,6 млн азаматтың 90 күннен артық мерзім өткен 1,7 трлн теңгеге проблемалық кредиттері бар».

Жаңа құжат бойынша енді 90 күннен артық берешегі бар азаматтар мен табысы жоқ жастарға мүлдем несие берілмейді. Бірақ, қарызы бар отбасы уақытылы несиесін жаба алмаса, қыс ішінде үйден шығаруға тиым салынады.

ҮНЗИЛА ШАПАҚ ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ: «Бүгінгі таңда Қазақстанда халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын азаматтарды жалғыз баспанасынан шығаруға тыйым салынған. Қарыз алушыларды қосымша қорғау үшін заң жобасында жылыту маусымында кәмелетке толмаған балалары бар отбасыларға қатысты да осындай тыйым салынады».

Депутаттар банктен бөлек, микрокредиттік ұйымдар жұмысына шүйлікті. Олар  қарыздың бұл түрін мүлдем алып тастау туралы бұған дейін де айтқан. Қазір бұл ұсыныс Үкіметтің қарауына жіберіліпті. 

ЕРЖАН БЕЙСЕНБАЕВ ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:
«Қазір азаматтардың көбі жалақыға дейін күн көру үшін микрокредиттер алуға мәжбүр. Бұл – өте қауіпті құбылыс. Өйткені мұндай қарыздың пайызы аса жоғары. Тіпті кейбір жағдайда 1 мың пайызға дейін жетеді. Қазір бұл – кепілсіз қарыз алудың өте оңай жолы. Ақша тез әрі қарыз алушының табыс деңгейі есепке алынбай беріледі. Дәл осы сегментте жастар өте көп кредит алып жатыр, ал кейбірінің басында 2-3 кредитке дейін бар. Әрине кредит деңгейінің өсуімен проблемалық кредиттер саны да артып жатыр. Бүгінде проблемалық несиелер бойынша жалпы қарыз 1,7 трлн теңгеден асады. Зобасында ұйымдардың осындай микрокредиттер беруіне қойылатын талаптарды қатаңдату көзделе ме?»

ҮНЗИЛА ШАПАҚ ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:
«Бүгін заңнамалық тұрғыда жалақыға дейін микрокредит беру мүмкіндігі қарастырылған. Ол 45 күнге дейін 50 АЕК сомасында беріледі, бұл – 184 600 теңге. Бұл пидель деп аталатын шағын несиелер қарыз жүктемесін тиісті бағалаусыз қашықтан беріледі. Сондықтан бүгінде пидель сегметінде 60 компания жұмыс істейді. Олар жоғары ставка бойынша тұрғындарға микрокредитті бере береді. Заң жобасында проблемалық берешектің өсуіне жол бермес үшін жеке тұлғаға, егер оның бұрын алған пидель қарызы болса, күнтізбелік 90 күннен кешіктірілген берешегі болса, мұндай жағдайда микрокредит алуға тыйым салу туралы норманы енгізу жағы қарастырылып жатыр».

МАҚСАТ ТОЛЫҚБАЙ ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:
«Өздеріңіз білетіндей, бізде кредиттің пайызы өте жоғары. Жылдық сыйақы мөлшері 2012 жылдан бері 56%-дан түскен жоқ. Бұл мәселенің Мәжіліс қабырғасында көтеріліп келе жатқанына 13 жыл болды. Тағы да ақымақ болып қаламыз ба деп қорқып отырмын. Өткенде жұмыс топтарында агенттік өкілдеріне жылдық сыйақы мөлшерін 42% деп бекітейік деп ұсыныс айттық. Бізді қолдағандай болды. Бүгін енді басшысы келіп, 50% деп қарастырамыз деп отыр. Неге 45% емес, неге 48% емес? Неге 50%? Мұны қалай зерттедіңіздер? Себебі неде? Бұл дегеніміз тағы да халықтың 40%-ы екінші деңгейлі банк акционерлерін байытып отыра береді деген сөз».

Осылайша депутаттардың сынына ұшыраған кредит туралы жаңа заң бәрібір көпшілік дауыспен бірінші оқылымда мақұлданып кетті.