Алматыда қазақстандық бұқаралық ақпарат қызметі нарығын дамыту мәселелері бойынша жыл сайынғы тәуелсіз салалық конференция – Media Құрылтай өз жұмысын бастады. Биылғы басқосудың басты тақырыбы: «Медиа нарық: біз қауіптерге және қайтадан жаңаруға дайынбыз ба? Деген өзекті мәселелерге арналды.
Media құрылтайдың панельдік және тақырыптық сессиялары: Қазақстанның ағымдағы ақпараттық ортасын талдау, БАҚ-та діни тақырыпты жариялаудың құқықтық және этикалық қағидалары, қазақ тіліндегі іскерлік журналистика мәселелері, жасанды интеллект және жалған ақпаратқа қарсы күрес, журналист мамандығына қойылатын жаңа талаптар, әскери журналистика сынды мәселелерге арналды.Іс-шараның бірінші панельдік сессиясы заңнамалық саладағы өзгерістерге бағытталды. Басқосу барысында қатысушылар «Дін және медиа: жек көру немесе төзімділік тілі?» секциясында сарапшылар «хиджаб жанжалы» тақырыбын, діни негіздегі стигматизацияны және журналистік этиканы, сондай-ақ дін мен бұқаралық ақпарат құралдарындағы мемлекеттік саясат интонацияның араздық тіліне өзгеруіне қалай ықпал еткенін және дін туралы сапалы журналистика тілінде қалай айту керектігін ортаға салды.
АЙДОС САРЫМ ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ: «Бүгін байқап отырсыз, негізгі талқыланып отырған мәселелер оның бәрі өзекті мәселе. Бірінші, баспасөз маслихаты туралы заң ол индустрияға қатысты заң. Екіншіден дін мәселесі талқыланып жатыр. Дін мәселесін қалай біз қоғамда талқылап жатырмыз? Біз оның этикасын сақтап жатырмыз ба? Өшпенділік тілі, алауыздық тілі деген ұғым бар. Соны қаншалықты дұрыс пайдаланып келеміз? Жалпы дін мәселесіне келгенде біз қаншалықты толеранттымыз, талерантты емеспіз? деген сияқты кәсіби мәселелерге талқыланып, жүргізіліп отыр. Менің ойымша кәсіби ортаға пайдалы дүние. Себебі, кәсіби мамандар жиналып, өз-өзіне баға береді, өзінің жетістіктерімен бөліседі, өздерінің кемшіліктері болса оны ортаға салады. Сондықтан, кәсіби орта болғандықтан ондай жиындардың өтіп тұруы заңды».
Конференцияда алғаш рет медиа саласындағы жоғары кәсіби жетістіктері үшін Михаил Дорофеев атындағы сыйлық табысталды. Сыйлықты тәуелсіз медиа-қоғамдастық және Қазақстан Баспасөз клубы белгіледі. Марапат Қазақстанның жетекші журналистерінен, редакторларынан және медиа сарапшыларынан тұратын сараптамалық қазылар алқасының дауыс беруі арқылы берілді. 2023 жылғы сыйлықтың иегері «Просто журналистика» YouTube-арнасының негізін қалаушы, «Абырой» ҚБ басшысы Лұқпан Ахмедьяров болды.
ӘСЕЛ ҚАРАУЫЛОВА «ҚАЗАҚСТАН БАСПАСӨЗ КЛУБЫНЫҢ» ПРЕЗИДЕНТІ, МEDIA ҚҰРЫЛТАЙ ЖОБАСЫНЫҢ АВТОРЫ: «Бүгін бізде әскери журналистика, қақтығыс аймақтарында жұмыс істеу тақырыбында шеберлік сабағы болды. Бұл Қазақстанда өте сирек кездесетін тақырып. Бізде қақтығыс аймақтарында жұмыс тәжірибесі бар журналистер аз, бұл біріншіден өте қызықты және пайдалы. Сонымен қатар жиында берілген сыйлық медиа саланың барлық қызметкерлері үшін кәсіби өсуді ынталандырады, өйткені Михаил Дорофеев БАҚ пен коммуникация саласының барлық өкілдері арасында абсолютті беделге ие болды. Оның сараптамалық кеңестері ең жоғары стратегиялық деңгейлерде қолданылды».
Конференция барысында медиа сарапшылар қазақ тілді журналистиканы дамыту мәселелерін талқылады. Сессиялардың бірі іскерлік журналистикаға арналды. Атап өткендей, қазіргі уақытта мемлекеттік тілдегі мазмұнды тұтынатын аудиторияның үлкен өсуі байқалады. Сондықтан бұқаралық ақпарат құралдары үшін мақсатты аудиторияны дұрыс анықтап, жаңа оқырмандар мен тыңдаушыларды қызықтыратын сапалы өнім шығаруы өте маңызды.